Әлемде коронавирусты жаңа жұқтырғандар азаймай тұр
Әлемде соңғы тәулікте коронавирус індетінен 3 жарым мың адам көз жұмды. Алты құрлыққа ауыз салған індет құрбандарының жалпы саны 376 мың. Ал сынамасынан Covid-19 анықталған науқастар Қырғызстан секілді бір елдің халық санына жетіп қалған. Қытайдан шыққан вирус осы күнге дейін жалпы 6 миллион 300 мыңға жуық адамға жұғыпты.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
02.06.2020
Әлемде коронавирусты жаңа жұқтырғандар көбеймесе, азаймай тұр. Көрсеткіш күннен күнге өсіп, бүгінде індетке шалдыққандар бір елдің халық санына жеткен. Яғни жер жүзін әбігерге салған кесел осыған дейін 6 миллион 300 мыңға жуық адамнан анықталды. Дертке душар болғандар саны бойынша көш басында АҚШ тұр. Мұндағы халықтың 1 миллион 811 мыңы індет ілмегіне ілінген. Ал жарты миллионнан аса тұрғыны Covid-19-бен ауырып қалған Бразилия – екінші орында. Сүреңсіз статистикада үштікке Ресей де кіреді. Солтүстіктегі көршімізде эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр.
Ресей тұтынушылар құқығы және адамның әл-ауқатын қадағалау федералдық қызметі:
- Соңғы тәулікте Ресейдің 84 аймағында коронавирус инфекциясын жұқтырған 8863 адам тіркелді. Науқастармен байланыста болғандар анықталған. Олар лабораториялық тексерістен өтіп жатыр. Тұрғындардың, әсіресе, қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдардың қоғамдық орындарға баруды қысқартқаны жөн.
Әлемде коронавирустан көз жұмған адам саны 376 мыңнан асты. Соңғы тәуліктің өзінде қауіпті вирус 3 жарым мың науқастың өліміне себеп болған. Бұған дейін індеттің негізгі ошағы саналып келген Испанияда соңғы күні кесел кесірінен бірде-бір адам көз жұмбапты. Яғни, мұндағы ауру құрбандарының саны 27 127 болып тоқтады. Жағдай тұрақтала бастаған бұл елде қазір карантиндік шектеулерді алудың екінші кезеңі жүріп жатыр.
Ұлыбританияда дүйсенбіден бастап бастауыш мектептер мен балабақшалар ашылды. Бірақ биліктің бұл шешімін сынап жатқандар көп.
Кевин Кортни, Ұлыбритания мұғалімдері біріккен кәсіподағының бас хатшысы:
- Мұқият ойланбай, асығыс шешім шығарған. Коронавируспен ауырғандармен байланыста болғандарды қадағалап отыратын жүйе жоқ. Мұндай қауіп туралы ғалымдар да айтып жатыр.
Қытайдан тараған вирусты 2 миллион 700 мыңнан аса науқас жеңіп шыққанын айта кетейік. Жалпы бұл кесел әлемнің 188 мемлекетіне тараған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!