Дональд Трамп: Жаппай тәртіпсіздік тоқтамаса, әскери күш қолданамыз
АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі жаппай тәртіпсіздік тоқтамаса, әскери күш қолданатынын ескертті. Осымен алтыншы күнге жалғасқан аласапыранға қара нәсілді Джордж Флойдтың қазасы түрткі болған. Тәртіп сақшылары оны ұстау кезінде тұншықтыру әдісін қолданып, көпшіліктің көзінше өлтіріп алған.
Автор: Аруна Ортай
02.06.2020
Осы оқиғадан соң бүкіл жұрт наразылық акциясын бастады. Жаппай көшеге шыққандар тәртіп сақшыларының қара нәсілділерге деген әрекеттеріне әрі қарай төзе алмайтынын бірауыздан жеткізген. Бастапқыда бейбіт басталған шерулердің соңы жаппай қақтығысқа ұласып, бірнеше адам қаза болды. Тағы мыңдаған тұрғын «қоғамдық тәртіпті бұзды» деп абақтыға жабылды. Бірақ, елде тәртіп орнай қойған жоқ. Керісінше, ахуал одан сайын ушығып барады. Бейберекетсіздікте кейбір пысықайлар сауда орындары мен тіпті кемедегі тауарларды тонап, тәртіп сақшыларына бағынуды қойды.
Америкалықтардың билікке қарсы бұлайша жаппай бас көтеруі соңғы рет 1968 жылы Мартин Лютер Кинг өлтірілгенде болған екен. Ал сот сарапшылары Флойдтың расымен ауа жетпей өлгенін растап отыр. Бірақ жұрт кінәлі полицейдің жазасын алатынына сенбейді. Өйткені күш қолданған тәртіп сақшыларының жазадан сытылуы АҚШ-та жиі қайталанатын жағдай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!