Қурайлы-2 тұрғындары жарықсыз, сусыз, жылусыз үйінен безуге мәжбүр – Ақтөбе
Ақтөбе шетіндегі Қурайлы-2 ауылының тұрғындарының шенеуніктерге өкпесі қара қазандай. «Елді мекенге су мен газ құбырын тартып, жарықпен жарылқаймыз» дегеніне бірнеше жыл болған. «Бірақ оның бәрі құр уәдемен шектелді» - дейді ашынған жұрт. Ал әкімдіктегілер бұл жолы «карантин кедергі болды» деп сылтауратты.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.06.2020
Қурайлы-2 ауылының тұрғындары өз шаңырағынан безуге мәжбүр. Көбісінің жаңа тұрғызған баспанасы бірнеше жылдан бері бос тұр. Өйткені жарығы мен суы, жылуы жоқ үйде тұра алмайды. Ал пәтер жалдауға ақшасы жоқтары облыс орталығында тұрса да от жағып, майшаммен отыр. Әкімдіктегілердің жыл сайын «комуналдық желіні тартып береміз» деген уәдесіне тойдық дейді ашынған жұрт.
Ұлжан Қалжанова, Қурайлы-2 ауылының тұрғыны:
- Жоғары басшыға барды. Одан еш нәтиже жоқ, шындығына келгенде. Алдында да уәде берді. Құр уәдеден не пайда?! Жоғары басшылар бізге мына комуналдық жарық, газымызды, суымызды берсе, бірінші. Соны жүргізіп берсін. Құр уәде бермеңіздер.
Кезекте тұрғындарға осы жақтан жер телімін берген кезде шенеуніктер дереу үй салуды бұйырады. Айналдырған екі жыл ішінде баспанасын салмағандардың жер телімін «тартып аламыз» деп қорқытқан. Содан бері екі-үш жыл өтсе де, шенеуніктер қимылдар емес. Ал су мен газ құбыры тіпті ауыл іргесінен өтіп жатыр.
Данияр Темірғалиев, Қуралы-2 ауылының тұрғыны:
- Жүз метр жерде жарық та, газы да, суы да өтіп жатыр. Келіп тұрған зат. Көше-көшеге тартып тастайтын зат. Соны неліктен тартпай жатқанын білмейміз. Әкімдік соның себебін түсіндіріп берсе. Көптеген елді мекендерге бірінші комуникация тартып, артынан үй салады.
Шенеуніктер ауылға комуналдық желіні тартуға рұқсат беретін құжат «дайын болмай жатыр» деп ақталады. Жобасын сызып, оны реттеп беруге карантин кедергі болған көрінеді.
Бағұзақ Дарин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:
- Жобалық сметалық құжаттамалар карантинге байланысты кішкене кешігіп қалды, кідіріңкіреп. Дайын болған жағдайда қаражат бөлінсе, өте көп жұмыс емес ол.
Қурайлы-2 ауылына нақты қашан комуналдық желі жүргізілетінен шенеуніктердің ешбірі айта алмайды. Өйткені жобалық сметалық құжат дайын болғанның өзінде қазынадан ақша сұрауға мәслихатқа ұсынады. Дегенменбылтырдан бері Ақтөбеде жер телімін беру тоқтатылды. «Ең алдымен суы мен жарығы, газы жоқ ауылдарды жарылқап алайық» деп шешкен еді әкімдіктегілер. Бірақ оны да әлі реттей алмай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!