Жүк көлігі соққан автобуста кішкентай балалар болған – Ақмола облысы
Ақмола облысында 24 адам мінген автобус жол апатына түсті. Жолаушылар көлігі «Камазға» соқтығысқан.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
02.06.2020
Азан-қазан шулаған жолаушылар арасында кішкентай балалар да бар. Олар Қосшы кентінен елордаға қатынайтын 303-ші бағыттағы жолаушы тасымалдау автобусына отырған. Қоғамдық көлік қосалқы жолдан негізгі жолға шыға бергенде, жүк көлігі бүйірден келіп соққан. Соққының екпінімен автобус айналып барып, жүк көлігінің кабинасына кіріп кетіпті. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Бірақ 24 жолаушы да ауруханаға жеткізілді. Оның 15-і үйіне жіберілсе, 9-ы түрлі жарақатпен ем алуға жатқызылыпты. Қазір жол апатының себеп-салдары тексеріліп жатыр.
Ризахмет Жанбеков, Ақмола облыстық ПД бастығының орынбасары:
- Жол Целиноград ауданы аумағында. Қоғамдық көлік болғандықтан, барлық жағдай жан-жақты тексеріледі. Қазір облыстық департаменттен және жол техникалық бақылау қызметінен мамандар тексеріп жатыр. Жолаушылардың барлығы тергеу кезінде сұралады. Екі жүргізушінің де қанынан алкоголь табылған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!