Өртенген полигоннан жұрт түтінге уланып отыр – Алматы облысы
Алматы облысында қоқыс полигоны өртеніп жатыр. Кеше тұтанған жалын бір гектар аумақты шарпыған. Соның салдарынан қолқаны қабатын иіс айналадағы ауылдарды басып қалды. Тынысы тарылған тұрғындар бүгін полигон басына жиналды. Олар дәл іргедегі қоқыс тастайтын жердің жабылуын талап етуде. Алайда қоқыстан қып-қызыл ақша тауып отырған кәсіпкер: «Жағымсыз иіс жұртқа жақпаса, басқа жаққа көшіп кетсін» - дейді. Түтінге уланған тұрғындардың талабын тыңдап қайтты.
Автор: Диас Нұрақын
02.06.2020
Ават пен Бәйтерек ауылының қақ ортасында орналасқан қоқыс полигоны кешеден бастап жана бастапты. Аңқаңды ашытып, танауыңды тесетін өткір иіс желдің екпінімен жан-жақтағы ауылдарға таралған. Соның салдарынан осы маңда тұратын 20 мыңға тарта тұрғын кешелі бері есік-терезені ашып, «еркін тыныстаудан қалдық» деп ашынып отыр.
Көк түтінге көмілген жұрт бүгін полигон басына жиналды. Олар қоқыс тастайтын жердің жылда өртенетінін айтады. Яғни жаз шықса болды айналаны қою түтін мен сасық иіс көміп қалады екен. Сондықтан тұрғындар ауыл іргесіндегі полигонның жабылуын талап етуде.
Абдулжан Ибрагимов, Ават ауылының тұрғыны:
- Біздің талап: мынаны жоғалтсын, жапсын. Бұрын алысқа апарады деп уәде берген. Ол жоқ қазір. Біз 7 жыл бұрын да келгенбіз. Құрылғыларын көрсетіп, соны қоямыз, сасымайды,бәрін жасаймыз деген. Әлі күнге дейін сорттаған да жоқ.
Полигон жеке кәсіпкердің иелігінде. Бірақ ол қоқысты өңдеуге құлықсыз көрінеді. «Қыстай жиналған қалдықты күн жылынса, өртеп жібереді» - дейді тұрғындар.
Майнұр Ибрагимова, Ават ауылының тұрғыны:
- Жағымсыз иістен бала-шағамыз әбден ауру болып бітті. Коронавирус аздай, енді қоқыс қосылды. Түнімен өртейді. Күндіз көк түтіннен көз аша алмай қаламыз. Мына ыстықта терезе аша алмай қалдық. Таза ауамен тыныстау арманға айналды.
Полигондағы қызыл жалынға өрт сөндірушілер түннен бері су сеуіп жатыр. Бір гектар аумаққа жайылған от өшкенімен, түтіні сейілмей тұр.
Руслан Әбдіғаппаров, Талғар аудандық ТЖБ бастығы:
- Қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге үш техника мен 14 адам жұмылдырылды. Қазір өртті толық сөндірдік. Лаулап жанып жатқан жоқ. Енді түтінді жоюға күш салып жатырмыз. Бықсып жатқан қоқыстың үстіне құм-тас төгіп, су себеміз.
Ал полигон қожайыны түсінік беруден бас тартты. Тіпті қоқыс тастайтын жер жабылсын деген тұрғындардың талабына да құлақ аспайтын сияқты. Керісінше, «жағымсыз иіс пен көк түтін ұнамаса, ауыл халқы басқа жаққа көшіп кетсін» деп отыр. Ал қоқыс пен құм-тас шығаратын карьердің құрсауында қалған жұрт прокуратура мен аудан әкімдігіне арызданбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!