Ұшақ билетінің ақшасын қайтарудың жолы
Әуе компаниялары билет құнын толығымен қайтаруға міндетті. Билеті күйіп кеткен жолаушылардың шағымы көбейе бастаған соң, министрлік осындай шешім шығарды. Себебі, төтенше жағдай режиміне байланысты ішкі және сыртқы әуе рейстері тоқтағаны белгілі. Ал осы уақытқа алдын ала билет алып қойғандар оны жаппай кері қайтарған. Бірақ басым көпшілігі ақшасын әлі ала алмай жүр. Қаржыны қайтарудың жолы қандай және қанша уақыт алады?
Автор: Нұрқанат Омарұлы
02.06.2020
Гүлфайруз – Мәскеуге ары-бері билетті алдын ала алып қойған жолаушының бірі. Карантиннің кесірінен барлық жол жабылып, әуе рейстері тоқтаған соң, билетін кері қайтарған. Бірақ әуе компаниясы жол пұлының тек жартысын ғана беріпті.
Гүлфайруз Жолдыбекова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Екі ай болды күтіп жүргеніме. Поштасына бес-алты рет жаздым. Инстаграм дайректеріне де жаздым. «Тек күтіңіз, өтініміңіз қаралып жатыр» - дейді. Бірақ, әлі күнге ақшаны қайтармады.
Төтенше жағдай тыйымдарына сәйкес, 99 бағыт бойынша 450-ден астам қатынас тоқтатылыпты. Салдарынан мыңдаған азамат жолынан қалып, билетін кері қайтарған. Сөз жүзінде солай болғанымен, жағдайдың шынайы көрінісін әлеуметтік желі көрсетіп бергендей. Тиесілі ақшасын қайтара алмай әуе компанияларының парақшаларына жазылған арыз-шағымдардан көз сүрінеді. Бұлай қалдыра берсе, таяқтың бір ұшы өздеріне тиерін сезсе керек, Индустрия министрлігі дереу шешім шығара қойды. Әуе компаниялары жол құнын толығымен кері беруге міндетті.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Төтенше жағдай кезінде тоқтап қалған рейстерге байланысты әуе компанияларына билет құнын толығымен қайтару міндеттелген. Тек кей онлайн қосымшалардың кеңеселері басқа мемлекеттерде орналасқандықтан, билет құнын қайтару жағынан біршама қиындық бар.
Бұл жағдайда, министрдің сөзінше, азаматтар ақшасын кері алу үшін сотқа жүгінуі керек. Айта кету керек, пандемияның кесірінен бір Қазақстанда ғана емес, әуе компаниялары әлем бойынша шығынға белшеден батты. Одан оңалу жуық арада мүмкін болмасы анық.
Халықаралық әуе қатынасы кеше жандана бастаған еді. Оның екінші кезеңі маусымның 15-нен бастап Германияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Чехия мен Таиландқа ұшуға болады.
Министр Бейбіт Атамқұлов түркиялық әріптесімен де сөйлесіп жатқанын айтты. Егер келісе алса, осы айдың 20-сынан бастап Анталияға әуе бағыты ашылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!