Еліміздегі балаларға арналған тұңғыш бейімдеу орталығы ШҚО-да ашылады
Өскемендік дімкәс балалар бұдан былай үлкен қалаларға сабылмайтын болды. Шығыс Қазақстан облысында еліміз бойынша ең алғаш рет балаларға арналған бейімдеу орталығы ашылғалы жатыр. Кешен 50 орынға шақталған. Ал оның іске қосылуына мұрындық болған – Тұңғыш Президент қоры жанындағы «Қамқорлық» корпоративтік қоры.
Автор: Руслан Әбдіхалық
03.06.2020
Динара Закиева, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы «Қамқорлық» корпоративтік қорының басшысы:
- Өскемен – ғимараты дайын ең бірінші өңір. Біз тек құрал-жабдықтарды күтіп отырмыз. Орталық көп ұзамай ашылады деп үміттенеміз. Осы игі іске атсалысқан жергілікті билікке алғыс айтқым келеді. Нысанды аз уақытта әзірлеп берді.
Сегіз өңірден осындай бейімдеу орталықтарын салу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Соның негізінде алғашқы нысан Өскеменде бой көтермек. Бүгін игі істі жүзеге асырушы қор өкілдері орталықтың жай-күйімен танысты. Әзірге тек ғимараттың өзі дайын. Жуырда құрал-жабдықтары да толық жеткізіліп, артынша тұсаукесер рәсімін өткізу жоспарда бар.
Кешенде сал, жүйке жүйесінде ақауы бар және күрделі ота жасалған балалар қаралады. Процедуралық кабинеттер толық жеткілікті. Маман тапшылығы да жоқ. Мұнда тек Өскеменнің ғана емес, барлық ауданның ерекше күтімдегі балаларының қаралуына болады.
Ермек Омарбеков, ШҚО «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері:
- Балаларға үлкен сыйлық. Ең бастысы, бұдан былай олар Нұр-Сұлтан мен Алматыға сабылмайтын болды. Орталықтың ашылуын асыға күткен едік. Сол күн де жақын. Айта кетейін, бұл жерде балаға қажетті барлық көмек көрсетіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!