{metadescription}
Той индустриясының өкілдері: Банкетке рұқсат берсін! 
Той индустриясының өкілдері: Банкетке рұқсат берсін! 

Той индустриясының өкілдері: Банкетке рұқсат берсін! 

«Банкетке рұқсат берсін!» Елордалық той индустриясының өкілдері қала әкімдігінің алдына жиылып, осындай талап қойды. Той бизнесі тоқтаған соң табыстан жұрдай болғандар әбден тығырыққа тірелген. Қызметкерлерге жалақы бере алмай, коммуналдық шығынын өтеудің өзі қиынға соғыпты. Сондықтан 50-100 адамдық кеш өткізуге рұқсат сұрап отыр.

Таңертеңнен қала әкімдігінің алдына топырлап келген кісілер – той индустриясының өкілдері. Әншейінде күлімдеп жүруді жақсы меңгерген олардың бүгін тіпті де көңіл-күйі жоқ. Барлығы табыстан қағылып, несиесін жаба алмай, не қызметкерлеріне жалақы бере алмай қалған. Коммуналдық шығын қалтаны жұқартқан. Тұрақты жұмысшыларына жалақы тауып бере алмаған соң, төтесінен әкімдікке келіп тұрған беті.  

Ерлан Мұратов, тойхана әкімшісі:

- Жаздық дәмханалар толып тұр. 50 емес, 100 адамға дейін. Сауда орталығы, халыққа қызмет көрсету орталықтарын қараңыз, қаншама адам жүр. Олай болмайды – бәрін ашып, тойхананы ашпау. Фитнес жүріп жатыр. Олай болмайды!

300 адамға арналған тойханалардың қаңырап тұрғанына үшінші ай. Қызметшілерінің дені табыс тоқтаған соң ауылға қайтып кеткен. «Егер тиісті орындар 50-100 адамдық той өткізуге рұқсат берсе, барлық санитарлық талапты орындауға әзірміз», - дейді.

Төтенше жағдай жарияланардан небәрі екі күн бұрын ғана бұл жерде ұлан-асыр той болған. Сол күнгі безендірілген әшекейлер атаулы күніне дейін сақталып, сол күйі қалып, сол уақыттан бері қаңырап бос тұр. Қызметкерлерін үйіне қайтарып жіберген. Тек ішінің тазалығын ұстап отыруға арагідік бір-бірлеп шақырып, шаң сүртіп отыр.

Күнделікті нәпақасын тауып жүрген асаба, әншілер, даяшылар, тойхана әкімшілері әкімдіктің алдында қанша тұрса да, ешкімнің төбе көрсетпегеніне қайран қалып, ақыры сау етіп ішке кірді. Мұндайда билік өкілімен бұқара сөзінің жараса кетуі сирек кездесетін құбылыс. Бұл жолы да солай.

Базынасын айтып келген көпшілікке «мәселені қарастырамыз» деген құр сөзден басқа көңілге медеу қыларлық тұшымды жауап болмады. Себебі, қалада коронавирустың өсім қарқыны бой бермей тұр. «Тәуекелге баруға болмайды», - дейді.

Айгүл Шағалтаева, Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Бізде коронавирус жұқтырушылар өсімі 7,6 пайызға жетіп отыр. Ал карантин тәртібін жеңілдетуге ол көрсеткіш 7 пайыздан төмен болуы керек. Мәліметтер 3-4 күн сайын жаңартылып жатыр. Сондықтан бас санитар-дәрігердің қаулысына құлақ асу керек.

Шағын және орта кәсіпкерлікке жасалған салық пен несие жеңілдігінің мерзімі бітуге таяды. Қызметкерлері мен клиенттерінің алдындағы қарызынан қайтіп құтыларын білмеген той индустриясының өкілдеріне ол оңай соққы болмасы анық. Шілденің басында тағы бір дүмпу келе жатқан сияқты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде