Әр көлікке екеуден мінгендер жол бойы мемлекеттік туды желбіретті
Бүгін елімізде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Карантинге байланысты шеру болмағанымен, атаулы күнді еріктілер іліп әкеткен. Көптеген қалада санитарлық талапты сақтай отырып, түрлі флешмоб ұйымдастырылды. Бір жерлерде әнұран шарықтай шырқалса, енді бірінде авто-мото шеруі өткізілді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
04.06.2020
Біржан Құдайбергенов, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Карантинге қарамастан, біздің жерлестеріміздің патриоттық рухын көтеру мақсатында автошеру өткізгелі жатырмыз.
Петропавлда жастар көлікпен шерулетті. Әр көлікке екеуден мінгендер жол бойы мемлекеттік туды желбіретті. Арасында мотокөліктері де бар топ қаланың қақ ортасымен жүріп отырып, әуежайға дейін келді.
Ал Қарағандының ірі сауда орталықтарында еріктелер әнұран шырқады. Сонымен қатар әнұран, елтаңба, ту авторларының есімдері дыбыс ұлғайтқыштар арқылы насихатталды. Карантинге байланысты 30 адамнан артық жиналуға тыйым салынғаны белгілі. Сондықтан еріктілер шашырай жүріп, өткен-кеткендерге 2000-нан аса мемлекеттік ту мен күнтізбені таратты.
Аида Қайырбекова, ерікті:
- Жалпы Қарағанды облысының волонтерлері осындай акцияларға бірігіп, елге мемлекеттік туымызды және елтаңбамыз бейнеленген күнтізбелерді таратып жатыр. Бұл қуантады. Адамдар тіпті жақындап: «Бүгін қандай мереке?» деп сұрайтындары да бар. Білмейтіндері де бар. Акциялар арқылы елге ой салып, осы мерекені тойлауға шақырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!