Өмірзақ тұрғындары ауыл ішінде жайылып жүрген малдан жапа шегіп отыр
Ақтау іргесіндегі Өмірзақ ауылының тұрғындары елді мекеннің тап жанынан мал қора салуға рұқсат берген әкімдікке ашулы. Жұрттың айтуынша, қора пайда болғалы олардың ауладағы бақшасында өсімдік қалмаған. Бұған қоса, ауыл ішінде жайылған сиыр, түйелер маңайды түгел былғап біткен. Шенеуніктер: «Бұған дейін ауылдан алшақ орналасқан қора осы ауыл тұрғындарына тиесілі малға салынып жатыр», - дейді. Бірақ бұған төрт түлік ұстамайтын жұрттың көнгісі жоқ.
Автор: Әйгерім Шакаманова
04.06.2020
Тура ауыл маңында мал қора пайда болғалы ауыл жұрты екіге бөлініп алған. Бірі: «бақшамызды жем қылды» деп шағымданса, енді бірі сол төрт-түлікпен жан бағып отырғандар. Ал ауыл ішінде жайылып жүрген мал, маңайды түгел былғап кетеді екен.
Талшын Құртаева, Өмірзақ ауылының тұрғыны:
- Азғантай егіп қойған егінімізді, ағаштарымызды жеп жатыр. Ауылдың арасы ластанып кетті. Әкім қайда қарап отыр?!
Тұрғындардың айтуынша, дәл ауыл маңында қора тұрғанымен, ондағы мал түнде де ауыл ішінде бос жүреді екен. Мұны дәлелдеу үшін олар ірі қараны бейнежазбаға түсіріп алған.
Сәния Бегешова, Өмірзақ ауылының тұрғыны:
- Мал бос жүре береді ғой. Сиырлар, түйелер де бос жүр. Әнеу күні үйдің қасына келді. Балалар қорқады. Итті айтақтайды. Бұл жерден алсын деп отырмыз, үйдің қасынан басқа жаққа алсын.
Мал қамайтын қора бұған дейін тас жолдың арғы бетінде болыпты. Ал биыл жолаушыларға тиімді төрт жолақты кең жолды салуға кіріскен жергілікті билік жұрттың малын өздері тұратын ауыл маңына әкелуді ұйғарған.
Ерғали Скендіров, Өмірзақ ауылы әкімінің міндетін атқарушы:
- Жол құрылысының салынуына байланысты Ақтау қаласы әкімдігі тарапынан осы жердегі тұрғындардың 20-30 жыл бұрын салынған қораларын көшіруге тапсырма келген. Оны уақытша сол жерге белгілеген себебіміз, болашақта тұрғындардың өздерінің сұрауы болды. Жерді заңдастырып берсеңіздер, біз тиісті деңгейде кәсібімізді дамытқымыз келеді, болмаса несие алғымыз келеді деп.
Атқамінерлер: «Мұның бәрі ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында жасалып жатыр» - дейді. Ал тәртіп сақшылары өткен аптада малы қорада емес, көшеде жүрген төрт тұрғынды жазалапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!