Павлодарское ауылында 200-ге жуық үй құсы шыбын-шіркейден қырылып қалған
Павлодар іргесіндегі Павлодарское ауылының тұрғындары адамға да, жан-жануарға да жәндік маза бермеді деп шағымданады. Жұрттың айтуынша, бүгінге дейін тіпті олардың өсіріп отырған 200-ге жуық құсы шыбын-шіркейден қырылған. Құс етін сатып күн көретін тұрғындар биыл шығынға батыпты. Осы жылы өңірде шыбын-шіркейді улауға қазынадан 600 миллион теңге бөлінгенін айта кетейік. Атқамінерлер: «Елді мекен Ертіс бойында орналасқандықтан, шіркейдің каптауы үйреншікті жайт» - деп жайбарақат отыр.
Автор: Әйгерім Шакаманова
04.06.2020
Ирина Хомутенко былтыр Павлодарское ауылынан үй сатып алып, облыс орталығынан сонда арнайы көшіп барған. Құс өсіріп, оның етін сатып көрмекші болған келіншек енді бұл жоспарының жүзеге асарына күмәнді. Өйткені шыбын-шіркей ауладағы тауық балапандарын талап тастауда. Оған шыдамаған қосқанаттылар шетінен қырылып жатыр.
- Бүгін бес бройлерімді лақтырдым. Жалпы алғанда, шамамен, 20 бас бройлерімнен айырылдым.
Елді мекендегі өзге үйлерде де жағдай осындай. Тауық түгілі, бала-шағасын шыбын-шіркей талап тастағанын айтқан тұрғындар олардың бөртіп кеткен денесін көрсетті. Масадан мезі болған болған ойын баласы көшеге шығудан қалған.
Павлодарское ауылында бүгінде 8 мыңға жуық тұрғын бар. Олардың айтуынша, шыбын-шіркей әсіресе үйі Ертіс бойында орналасқан тұрғындарды талауда. Ал арнайы кремнің көмектеспейтінін айтқан жұрт, маса каптайтын кешкі уақытта көшеге тордан жасалған киім киіп шығуға мәжбүр.
«Мал-жанымыз масаға әбден таланды» деп әкімдікке бірнеше рет барған ауылдықтар бұл жағдайға жайбарақат қарап отырған атқамінерлерге ашулы. «Жылда шыбын-шіркейді улауға миллиондап қаражат жұмсайтын шенеуніктер нәтижесіз жұмыс атқарғанша, сол ақшаны жұртқа таратып берсін»- дейді жұрт.
Бақыт Жүніс, Павлодарское ауылының тұрғыны:
- Мынадай бір ой келеді. Павлодар облысында қанша тұрғын бар, соларға өтемақы ретінде қалдығын бөліп жатса, жаман болмайды деп ойлаймын. Азайтқаны дұрыс. Халықты шулайтпай-ақ, соған жеткізбей-ақ, бұрын осы нәрселер істелініп отырса және сапасы болса деймін.
Ал ауыл әкімі елді мекен Ертіс бойында орналасқандықтан, масаға таланудың үйреншікті жайт екенін айтады. Шулаған жұртты сабырға шақырған ол шыбын-шіркейді азайту үшін қолдан келгенді жасап жатқанын айтады.
Сырым Рушанов, Павлодарское ауылының әкімі:
- Біздің өтінішіміз бойынша, қалалық мердігерлер мұнда 7-8 рет келіп, осы масаны улады. Қазір маса азайды. Біздің өтінішімізбен улау жұмыстары өткізіледі. Жағдай осында да жақсарады деп сенемін.
Тұрғындардың сөзіне сенсек, бүгінге дейін ауылда 200-ге жуық үй құсын шыбын-шіркей талап өлтірген. Ал биыл аймаққа қансорғыштарды улауға қазынадан бақандай 600 миллион теңге бөлінген. Ертіс суына арнайы препарат құйып, маса улауға кіріскен мердігерлердің ісі әзірге оң нәтиже көрсетпей отырғаны анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!