Түлектердің көңілді қыдырысы жазамен аяқталды
Маңғыстау облысында мектеп бітірушілер мінген кортеж жүргізушілері жазаланды. Жаңаөзен мен Маңғыстау ауданында жол ережесін өрескел бұзған 16 азаматқа айыппұл салынып, көліктері айып тұрағына қойылды.
Автор: Диас Нұрақын
04.06.2020
Соңғы қоңыраудан кейін түлектер карантин кезінде мектеп бітіргенін осылай атап өтпекші болған екен. Яғни, көлікке мінгескен жастар жол ортасында ойқастап, кейбірі терезеден шығып алған. Осы қуанышты сәттерін өздері таспаға түсіріп әлеуметтік желіде жариялаған. Алайда көңілді қыдырыстың соңы әкімшілік жазамен аяқталды. Тәртіп сақшылары әрқайсысына 27 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
Айгерім Ибатуллаева, Маңғыстау облыстық ПД баспасөз-хатшысы:
- Ереже бұзған жүргізушілер 18-25 жас аралығында. Оларға екі бап бойынша айыппұл салынды. Қауіпсіздік белдігін тақпаған және көлікті құжатсыз басқарғандары үшін жауапқа тартылды. Яғни кейбірінде сақтандыру полисі немесе жүргізуші куәлігі болмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!