{metadescription}
Ішкі туризмді қандай өзгеріс күтіп тұр?
Ішкі туризмді қандай өзгеріс күтіп тұр?

Ішкі туризмді қандай өзгеріс күтіп тұр?

Алакөлде демалғысы келетіндер коронавируспен ауырмайтындықтарын дәлелдеуі керек. Өңірдің бас дәрігері осындай шешім шығарған. Бурабайдағы шипажай, қонақүйлерге де тест нәтижесінсіз кіре алмайсыз. Бұған дейін Қазақстандық шенеуніктер елдегі курортты аймақтарға биыл баратындар саны күрт көбейеді деп болжаған. Өйткені, қауіпті індетке байланысты отандастарымыздың кейбірі шетелге шыға алмауы мүмкін. Сол үшін отандық туризмді дамытуға триллион теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Ол қайда жұмсалады? Ішкі туризмді қандай өзгеріс күтіп тұр? Қыр-сырын тілшіміз тарқатып айтады.

Коронавирустың кесірінен шетелді беттей алмағандар елден сая іздеп, курортты аймақтарға ағылады-мыс. Сол себепті Бурабай тез арада ретке келтіріліп жатыр. Екі ай бойы туристерден тыныққан курортты аймақтағы қонақүйлер бағаларды уақытша төмендеткен.

Әсел Рахматуллина, қонақ үй әкімшісі:

- Барлығымыз жұмыссыз қалдық. Кіріс жоқ, қонақүй жұмысы тұрып қалды. Шығындарымыз да болды. Қазір туристерді тарту үшін жеңілдік жасап жатырмыз. Жатын бөлмелер жеңілдікпен алғанда 10 мыңнан 15 мың теңгеге дейін. Ал негізі 15-тен 23 мың теңгеге дейін болған.

Болжаған жағдай болып та жатыр. Бурабайдағы бір шипажайда қазір жаздың үш айына да орын жоқ. Алайда мәселе басқада. Мұнда бір күнге келген турист 30 мың теңгедей төлейді. Оған тағы ПТР тестен өтуді қосыңыз. Десе де қазір мұнда Ресейден келушілер көп.

Қайрат Беркінбаев, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ президенті:

- Соңғы жылдары Ресей жағынан келушілер өте көп. Шекаралас болып тұрған СҚО ар жағындағы Омсктен келеді өте көп. Бұл уақытта шетелден келетін азаматтарды карантинге байланысты қабылдамаймыз.

Жалпы қонақүйге орналасқан турист ары кетсе, ақшасын төлеп, табиғатты велосипедпен не квадроциклмен тамашалай алады. Сөйтіп Қазақстанның Швейцариясы деп мақтайтын жердің қызығы осымен бітеді. Одан соң қайтар шақта кәдесый сатып алмасаңыз, одан басқа демалысты көңілді өткізуге арналған қызмет түрлерін табу қиын. Айтпақшы, ақшаңызды қалтаңызға салып жүрмесеңіз, сол кәдесыйды да ала алмайсыз. Себебі, электронды төлем жүйесі дамымаған.

- Бурабай маңындағы көлдердің кереметтері баршылық. Бұл мекен Үлкен Шарбақты көлі  турист атаулыға керек мекен. Өзен-көлді, нулы-сулы. Осыны ескерген өңір басшылары туристік аймаққа бұл орынды айналдырмақшы болды. Бірақ, көлдің маңы қоқыс, өте лас.

Көркем табиғат пен таза ауаны жарнамалап, турист тартуға ниеттеген біздің билік енді сол ішкі туризмді дамытамыз деп шабылып жатыр. Сөйтіп 2025 жылға дейін бір триллионнан аса теңгені игермекші. Оның 50 миллиардын жұмсап та үлгеріпті. Осы қаражаттан Үкімет жаңадан ойын-сауық орындары мен дәретхана салуға, туристік автобустар сатып алуға және балаларды ұшақпен тегін ұшыруға субсидия бөлмекші. Сондай-ақ, туристік операторлар Қазақстанға шетелден турист әкелсе, оған да ақшасын қайтарамыз дейді.

Дастан Рыспеков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

- Шетелден біздің елге туристерді тарту мақсатында туроператорларға 7 АЕК мөлшерінде субсидия беру қарастырылған. Шарты: 3 күн Қазақстан аумағында болуы керек және қонақүйде жайғасу керек.

Ал «Туристік Қамқор» өкілдері мәселенің әлдеқайда тереңде жатқанын айтады. Мәселен, ұшжұлдызды қонақүйлер туроператорлардан қашқақтайды, қанша ақша түсіп жатқанын жасырады екен. Ең өзекті мәселе, жол азабы. Демалыс орнына жеткенше өкпеңді түсіретін ойық жолдар адамды қажытып жібереді. Иен далада көлігіңіз бұзыла қалса, жол бойында қызмет көрсететін орын тағы жоқ. Осы олқылықтар туроператорларды да әбден шаршатқан.

Инна Рей, «Туристік Қамқор» қорының төрайымы:

- Қазақстанда қызықты жерлер өте көп, бірақ сіз ол жерге жеткенше, не көргеніңіздің барлығын ұмытып қаласыз. Жол сапасы нашар. Мәселен, Алакөлге пойыздардың шығуы алғаш рет емес. Вагондардың бәрі толық. Халық уақытты үнемдеу үшін ұшақпен ұшуға дайын.

Сайып келгенде қазақстандық саяхатшылар қиын таңдауға түсіп тұр. Шетелде демалайын десе, пандемия өршіген заманда көзді жұмып тәуекелге баруға тура келеді. Елде қыдырайын десе, құны қымбат, қызметі аз, жолы нашар демалысқа ұрынады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде