Алматы орталық саябағында табыстан айырылғандардың талабы
Алматыда саябақ аумағындағы дүңгіршек пен әткеншекті жалға алатын кәсіпкерлер наразылық білдірді. Олар көктемнен қара күзге дейін жұмыс істейтін сауда нүктелері мен аттракциондарды тезірек ашуды сұрап отыр. Шаһардың бас санитары Жандарбек Бекшиннің қаулысы «ақылға қонымсыз» дегендер қарызға белшесінен батып, тығырыққа тірелген. Орталық саябақтағы табысынан қағылғандардың талабын тілшіміз тілшіміз тыңдап қайтты.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
04.06.2020
Ат шаптырым аумақты алып жатқан орталық саябақ 25-мамырда ашылыпты. Бірақ демалыс орнында бұрыңғыдай асыр салып ойнайтын балалардың қарасы азайған. Өйткені кішкентай балғындардың көңілін аулайтын әткеншектер қарашадан бері шаң басып тұр. Ал тәтті тағам сататын дүңгіршектердің есігіне қара құлып салынған.
Бұл шектеу саябақ аумағында сауда-саттық жасайтын Қаламқасты да тығырыққа тіреді. «Карантин басталғалы күн көріс қиындады» деген сатушы санитарлық ережелерді сақтауға дайын отыр.
Қаламқас Дауытова, сатушы:
- Антисептик, бетперде, қолғап – бәрі бар. Жұмыс істеуге дайынбыз. Бәріміз бала-шағаны асырауымыз керек. Пәтерге ақша төлеу керек. Несиеміз бар. Наурыз айынан бері жұмыссыз жүрміз.
Демалыс орнында сауда нүктелері мен аттракциондарды жалға алып жан бағатындар Жандарбек Бекшин шығарған қаулыға қарсы. «Қарызға белшемізден баттық» деген кәсіпкерлер: «Аурудың таралу қаупі төмен ашық аспан астындағы қызметтерді шектеу қажет емес» - деп санайды.
Айнұр Бейсекенова, кәсіпкер:
- Бекшин мырзаға айтар едім: ұшақ, пойызға рұқсат бар, барахолка, монша, фитнес клубтар ашылып жатыр. Соны қалай түсінуге болады? Логикасы қайда? Бұл жерде таза ауа. Дүкен мен базарды қараңыз. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей.
Көктемнен күздің қара суығына дейін табыс табатындар нағыз сауда қызатын үш ай онсыз да артта қалғанын айтады. Ең болмаса, жаз айларында жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрайды.
Жанар Райымқұлова, кәсіпкер:
- Жаз маусымында жұмыс істеп, қыс бойы тапқан ақшамызбен бала-шағамызды бағамыз. Барлығымызда несие бар. Несиені тоқтатқанымен, оның пайызы алынған жоқ. Жұмыс жасауға рұқсат беріңіздер. Үйде отырғанымызға 8 ай болды.
Алайда құзыреті бар санитар дәрігерлер қалада қауіпті кесел кеулеп тұрған шақта тәуекелге баруға болмайтынын жеткізді. «Шектеуді алып тастасақ, саябаққа жұрт жаппай ағылып, карантин талаптары жайына қалады» - дейді олар.
Қымбат Қоныс, Алматы қаласы тауарлар мен көрсетілген қызмет сапасын бақылау департаментінің бас маманы:
- Аттракциондар мен сауда нүктелеріне рұқсат бермеудің себебі: қазір Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Тап қазір нақты уақытын айта алмаймыз. Егер коронавирус инфекциясының өсімі азайса, рұқсат етеміз.
Демек, тұрғындар қаладағы саябақтарда тек серуендеумен шектеледі. Ал демалыс орындарына жан бітіретін ойын-сауық және сауда нысандарының қашан ашылатыны әзірге белгісіз. Сондықтан бұл шешімге қарсы шыққан кәсіпкерлердің күтуден басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!