Елімізде COVID-19 дерті тағы төрт адамның өмірін қиды
Карантин тәртібі жеңілдеген сайын, жағдай да ушығып бара жатқандай! Елімізде COVID-19 дерті тағы төрт адамның өмірін қиды. Індеттен қаза тапқандар – Нұр-Сұлтан мен Қарағанды және Атырау облысының тұрғындары. Осылайша қауіпті кеселден көз жұмғандар саны 48 адамға жетсе, вирус жұқтырғандар 12 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың мәз еместігін аңғартады.
Автор: Руслан Әбдіхалық
04.06.2020
Тағы төрт адам қауіпті кеселден ажал құшты. Індеттен көз жұмғандардың екеуі – Нұр-Сұлтан мен Қарағанды облысынан, екеуі – Атырау өңіріндегі Жылыой ауданынан. Біреуі – 56 жастағы Теңіз кенішінің жұмысшысы, ал екінішісі – 69 жастағы зейнеткер. Ол ауызашарға қатысамын деп ауру жұқтырып алған. Екі науқастың да өмірін дәрігерлер сақтай алмады.
Нұрлыбек Қабдықапаров, Атырау облыстық ДСБ басшысы:
- Біріншіден, дене қызуы көтерілген, жөтел болған, диарея, іші өтіп, жүрегі айнып, өкпе тынысының демалысының нашаралап келіп түскен.
Атырау – індет көп тараған өңірлер тізімінде. Соңғы бір тәулікте 30 адамнан кесел анықталған. Ал облыста ауру жұқтырғандар саны 1 200-ге жуықтады.
Маңғыстау мен Қызылорда және Батыс Қазақстанда да жағдай ушығып барады. Соңғы өңірде бір күнде 22 адамнан вирус анықталған. Денсаулық сақтау министрі ел арасында індеттің тез тарауына «каранитиндік шаралардың жеңілдетілуі себеп» дейді. Сондықтан Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов үш облыс әкімдеріне өңір бойынша шектеу шарасын қайта күшейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Шалқар қаласына қонаққа барған Ақтөбе тұрғыны 19 адамға вирус жұқтырған. Олар – көрші-қолаң мен өзінің жақын туыстары. Бұл жағдай шағын қалаға қатынасты тоқтатуға түрткі болғалы тұр. Бірақ өңірдің бас санитар дәрігері карантиндік тәртіпті күшейту қаулысын әзірлегенімен, оны әлі бекітпей отыр. Енді аурудың одан әрі өршігені байқалса, Шалқар жабық қалаға айналмақ.
Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облысының Бас санитар дәрігері:
- Пойыздар тоқтайды. Пойызға Шалқардан түсетін жергілікті тұрғындар оған дейін түседі. Бірақ ішіндегі азаматтар режим карантин болғанда перронға шықпай, сонымен кете береді. Шалқарлықтар мініп келе алмайды ол кезде.
Соңғы дерек: Жамбыл облысында 7 адам жұқпаға шалдыққан. Ал әдеттегідей індет көп тараған аймақ – Нұр-Сұлтан мен Алматы. Соңғы мәлімет: елімізде COVID-19 дертіне шалдыққандар саны 12 мыңнан асты. Оның тең жарымы емделіп шыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!