Қазан айында коронавирус күшеюі мүмкін
Қазақстан коронавирустың екінші толқынын бастан өткеріп жатыр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін осылай деді. Ал күзге қарай жағдай тіпті ушығуы мүмкін. Ол кезде өлім-жітім де көбеюі мүмкін. Министр сол жағдайға дайын болу керектігін қазірден айтып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
04.06.2020
Қатаң карантиндік шаралардың арқасында коронавирус жұқтыру жағдайларын көбейтіп алмай, бір деңгейге түсірдік. «Бірақ, бәрібір де мұндай әдіс мәселенің шешімі емес», - дейді министр. Қазіргі уақытта осыған дейінгі бүкіл короновирусқа шалдыққандардың 52 пайызы емделіп шыққан. 5836 науқас әлі ем қабылдап жатса, соның тек 59-ы, яғни 1 пайызы ғана ауыр хәлде екен. Ал симптомсыз түріне шалдыққандардың 70 пайызы өздігінен емделіп шығып жатыр.
Алайда Біртановтың айтуынша, қиын жағдай әлі алда келе жатыр. Яғни, шамамен қазан айына қарай тұмау секілді вирустармен бірге коронавирус та күшеюі мүмкін.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бүгінде карантиндік орталықтар саны қысқарды. Көптеген қонақ үйлер өздерінің бұрынғы жұмысына қайта оралды. Біз бірінші толқынынан ойдағыдай өттік. Алайда көптеген елдерде көз жұмғандар саны әлдеқайда көп болды. Ондай жағдай бізде де болуы мүмкін. Сондықтан бүкіл халық, бизнес өкілдері, жалпы экономика күзге қарай осы жағдайға дайын болуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!