{metadescription}
«Бергейден неміз кем?!» Рысқалиевтің Ақтөбедегі көршілері шу шығарды
«Бергейден неміз кем?!» Рысқалиевтің Ақтөбедегі көршілері шу шығарды

«Бергейден неміз кем?!» Рысқалиевтің Ақтөбедегі көршілері шу шығарды

Бергейден біздің неміз кем? Еуропаға қашып кеткен Атырау облысының бұрынғы әкімінің Ақтөбедегі көршілері осылай шу шығарды. Осыдан үш жыл бұрын Махамбет Өтемісұлы атындағы көшеде басталған жөндеу жұмыстары кезінде Рысқалиевтердің үйінің алдындағы жолды жаңартып, қалғанын тастап кеткен. Ал ескі асфальтты түгелімен қырып, тас төсеуді ұмытыпты. Енді сол жолды тұрғындар бітіріп берсін деп отыр. «Халықты алалады» деп айқайға басқан жұртпен тілшіміз кездесіп қайтты.

Кеңес Одағы кезінде бұл Ақтөбенің орталық көшесі болған. Талай мерекелік шаралар осы көшеде ұйымдастырылып, шерулер де осы жерден басталатын. Ал қазір шеру тұрмақ, тұрғындардың өзі үйіне әрең қатынайды. Өйткені көктем мен күзде көше ми батпаққа айналып, жазда шұрық-шұрық жолдан көлік жүре алмайды.

Махамбет Өтемісұлы атындағы көше соңғы 30 жылда жөнді жөндеу көрмепті. Осыдан үш жыл бұрын әкімдіктегілер асфальтын қырып жаңартамыз дегенде бәрі қуанған. Бірақ басын бастап, аяқтамай тастап кетеді. Ал үйілген асфальт қалдығы көше бойында әлі жатыр. Содан бері шенеуніктер де, тендер ұтқан мердігер де төбе көрсетпеген. Мұндағы жұрт: «Батырдың атындағы орталық көшенің бұлай жатуы – ұят» деп күйінеді.

Жанайдар Төлеубаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Ол ақша «бісіміллә, аллауәкпәр» болып кеткен шығар. Құдайдың өзі білсін, қай жаққа кеткенін. Ал енді содан бері үш жыл өтті. Келіп, «Махамбет Өтемісов» деп мақтанғанмен, соған лайық тұрып жатырмыз ба?

Еуропаға қашып кеткен ағайынды Рысқалиевтердің қара шаңырағы осы көшесінің басында. Ең қызығы, Атырау облысының бұрынғы әкімінің үйінің алдындағы жол жөнделген. Ал қалған бөлігі шұрық-тесік. «Бұлай елді алалалауға бола ма?» деп ашынады тұрғындар.

Наталья Қарақұлова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Бергейдің үйінің қасына асфальтты жылда салады. Тек Бергейдің үйіне дейін салады. Вокзалдан бастап, Бергейдің үйіне дейін. Ал бері қарай мүлдем жөндеген емес. Сонда бастықтар қайда қарап отыр? Ұсақ тас төсеген адам асфальт та төсеу керек қой! Сол адам қайда өзі? Асфальт қайда?

Ал шенеуніктер үш жыл бұрын басталған жөндеуді аяқтауға «ақшаның жоқтығы қолбайлау» болды деп отыр. Алғашқы жылы қаржы тек Рысқалиевтердің үйінің қиылысына дейінгі жолды жаңартуға жетіпті.

Руслан Төреғали, Ақтөбе қалалық ТКШ және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары: 

- Қаржының аз бөлінуіне байланысты екі тоқсан 2019 жылға ауыстырылған болатын. Алайда 19-шы жылы қаржы бөлінбеуіне байланысты биылға аударылған. Екі тоқсанды бітіруге қазір ақша бөлінді. Жұмыс осы айдың 15-інде тасталады.

Махамбет атындағы көшенің жолын жөндеуге Мәслихат 40 миллионды қазынадан бөлуге рұқсат беріпті. «Күзге дейін осы ақшаға салып бітіреміз» деп отыр әкімдіктегілер.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде