Бас прокуратура митингке қатысты мәлімдеме жасады
Заңсыз митингтерге қатысатын азаматтар жауапкершілікке тартылады. Бас прокуратура қазақстандықтарды тағы бір мәрте ескертіп, митинг өткізуге қатысты мәлімдеме жасады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
05.06.2020
Болат Дембаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Жаңадан белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жиналыстарды ұйымдастыру және оларға қатысу заңсыз болып табылады және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша 15 тәулікке қамауға алуға дейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүрсе, қылмыстық жауаптылық туындайды.
6-маусымнан бастап Қазақстанда бейбіт жиындарды ұйымдастыру туралы заң күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, митинг өткізуге арнайы орындар қаланың орталық алаңдарынан беріледі. Әкімдіктер жиын өтер алдында бес күн бұрын ескертілуі керек. Мұндай жағдайда наразы топ шеру өткізудің мақсат-міндетін егжей-тегжейін көрсеткені жөн. Бейбіт жиындардың тақырыбы әлеуметтік немесе діни араздықты тудырмауы шарт, заңға қайшы болмауы тиіс.
Ал кейбір жекелеген тұлғалар халықты 6-маусымда заңсыз митингіге шығуға шақырып жатыр екен. Бас прокуратураның ескертуі соған қатысты. Алматының бас санитар дәрігері де заңсыз шеру карантин ережелерін бұзады және індетті жұқтыруға жағдай туғызады деп отыр.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитар дәрігері:
- Бұқаралық шараларға, митингтерге қатысушылар коронавирус жұқтырудың эпидемиялық тізбегін құрайды. Осының салдарынан індет үйіңізге, отбасыңызға тарайды, ең алдымен балаларға және қарт адамдарға қауіп төндіреді. Осындай бұқаралық шараларға қатысушылар індет жұқтыратын болса, онда эпидемиологиялық тексеру аясында шеттетіледі. COVID-19 жұқтырғандар инфекциялық ауруханаға жатқызылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!