Төрт отбасы қара жамылды – коронавирустан көз жұмғандар артып барады
Коронавирустан көз жұмғандар күн санап көбейіп барады, Бүгін тағы төрт отбасы қара жамылды. Марқұм болғандар - Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды мен Павлодар облыстарының тұрғындары. Күні кеше ғана індет 4 адамның өмірін қиған. Осылайша қайғылы жағдай 52-ге жетті. Вирустың өршуіне орай кейбір өңірлер жалма-жан карантин шарасын күшейтуге кірісті.
Автор: Аруна Ортай
05.06.2020
Індеттен көз жұмған науқастардың төртеуі де жасы 60-70-тен асқандар. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 76-да болса, Шымкенттегі сырқат 70-ке жеткен. Павлодар мен Қарағанды облыстарының тұрғындары немере қызығын енді көріп отырған 63-62 жастағы зейнеткерлер. Мәліметтерге қарағанда, қарағандылық ер адам ауруханаға 40 градус дене қызуымен түскен екен. Тыныс алуы қиындап, әлсірегені сонша, өздігімен жүріп-тұруға шамасы келмей қалған. Өзі қант диабетімен ауырыпты. Соның салдарынан бүйрегі де сыр беріп, емге үлкен кедергі болған.
Еркін-Дәуір Құрманғалиев, Х. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың директоры:
- Сырқат жан сақтау бөлімінде жасанды тыныстау құрылғысына қосылған. Себебі, өкпесінің 70 пайызы зақымдалған. Терапияға қарамастан, халі күрт нашарлады. Өйткені сырқат басынан бастап ауыр халде болды.
Ал Екібастұз тұрғынының бастапқы сынамасы тіпті індеттің жоғын көрсеткен. Алайда үйіне жіберілген соң, 12 күннің айналасында ауруы қайта қозып, зейнеткер жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Өздігімен тыныстай алмаған оны жасанды аппаратқа қосқанымен, аман алып қалу мүмкін болмады. Шымкенттік 70 жастағы әжей де әлі жеткенше сырқатымен алысып, 4-нен 5-не қараған түні жүріп кеткен.
Лаура Нақыпқызы, Шымкент қалалық ДСБ баспасөз хатшысы:
- 1950-жылы туған азаматша 31-мамыр күні қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Науқастан ПЦР талдау алынып, оң нәтиже көрсеткен. Денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты сырқат жан сақтау бөліміне жатқызылып, ИВЛ аппаратына қосылды. Жүргізілген ем-домға қарамастан, ол сағат 00:30-да қайтыс болды.
Елімізде індеттен көз жұмғандар саны 50-ден асты. Ал жаңадан жұқтырғандар – 255 адам. Науқастар саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Қарағанды мен Нұр-Сұлтан. Әсіресе батыста жағдай басылар емес. Қалаларды қойып, енді кеніштерге жайылған қатерлі дерт «Қаламқас» кен орнына да жетіпті. Қазір мұнда 18 жұмысшыдан індет белгісі табылды. Десе де, кеніш жұмысын тоқтатпады. Ал Атыраудың бас санитар дәрігері жағдайдың ушығуына байланысты карантинді күшейтті.
Қаламкас Аманжолова, Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау бөлімінің басшысы:
- Атырау қаласында эпидемиологиялық ахуал тұрақты емес. Тәулігіне 2 пайыздан 7 пайызға дейін өсіп отыр. Бұған тұрғындардың каратиндік талапқа сәйкес ара ашықтықты сақтамауы себеп. Осыған байланысты, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері алаңдар мен саябақтарға баруға тыйым салу туралы қаулы шығарды.
Дегенмен індетпен күрес нәтижесіз емес. Мәселен, бүгін бір күнде 100-ге жуық адам жазылып, аурудан айыққандар 7 мыңға жуықтады. Ауру азайған өңірлер де жоқ емес. Мәселен, Жамбыл облысында небәрі – 7, Ақтөбеде 6 жағдай анықталды. Павлодар мен Түркістан облыстарында 5 адамнан, Қостанайда – 4 , Қызылордада – 3. Бірде-бір ауру анықталмаған өңір – Солтүстік Қазақстан облысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!