Қазақ-қырғыз шекарасындағы шиеленіскен ахуал жүргізушілердің жүйкесін жұқартты
Қазақ-қырғыз шекарасындағы шиеленіскен ахуалға қаржы министрлігі жауап қатты. Көрші ел көлеңкелі бизнеске қарсы «бірлесіп жұмыс істеуден қашып отыр» деген жауапты ведомство басшылары шекарадағы шеті жоқ кептелісті қырғыз тарапы «қасақана ушықтырып отыр» деген сенімде. Қазір «Ақ тілек» бақылау-өткізу бекетінде 400-ден астам көлік тұрып қалған. Жүк көлігінің жүргізушілеріне коронавирусқа қарсы тест тапсыруды міндеттеу жығылғанға жұдырық болыпты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
05.06.2020
Шекарадағы жағдайды тілшіміз көріп қайтты.
Қазақстанға бағыт алған тасымалдаушылар екі күннен бері ұзын-сонар кептелісте тұр. Қаз-қатар тізіліп өгіз аяңдап жылжып жатқан жүк көліктерінің саны 400-ге жуық. Көлік тізбегі сағат санап созылып, кептеліс он шақырымнан асып жығылған. «Ақ тілек» бақылау-өткізу бекетіндегі шиеленіскен ахуал тонналап тауар тиеген жүргізушілердің жүйкесін әбден жұқартқан.
Қазақстандағы «Қарасу» бақылау-өткізу бекетінде жағдай тұрақты. Шекара маңында шамамен 30-дан астам жүк көлігі кезегін күтіп тұр. Дегенмен жолдың бір бетінде қаңтарылып тұрған көліктердің қарасы көп. Айыр қалпақты ағайындар елінен бергі бетке өткен бұл тасымалдаушылар коронавирусты анықтайтын тест тапсырып, соның жауабын күтуде.
Жүруінен тұруы көп болған жүргізушілер тест нәтижесін қазақ шекарасында кемі 12 сағат күтеді екен. Сондықтан болар, баяу қозғалыстан әбден мезі болғандардың қабағы қатулы. «Қазақстанға кіру қиямет-қайым болды» деген азаматтар жағдайдың бұлай ушығуына «Қарасу» бекетіндегі тексерістің күшейтілуі себеп дейді.
Геннадий Иванов, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Біздің салықшылар ұзақ тексереді. Қырғызстан жағынан жылдам өтесің. Қазақстанға келсең, тұрып қаласың. «Індеттен сақтану керек» дейді. Біз көрген кезекте қауіпсіздік деген мүлдем ұмытылады.
Талабек Жақаев, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Келсек, жолақ бітеліп тұр. Көлік көп.Күн ыстық. Шыбын-шіркей жеп жатыр. Түнімен ұйықтамадық. Біз жақта жақсы. Ауысып тұрамыз. Ал бергі жақта үш күн түнедік. Соған қиналамыз.
Шекарадағы қозғалысты өз көзімен көріп қайтқан Қырғызстанның вице-премьері: «Біздің тарапта ешқандай кедергі жоқ» деген еді. Сондай-ақ, ол кептелістің туындауына Қазақстанды кінәлап отыр. Еркін Арсандиев: «Қазақ мемлекеті ЕАЭО елдеріне ортақ шарттарды бұзып отыр» - деп мәлімдеді.
Еркін Арсандиев, Қырғызстанның вице-премьері:
- Өкінішке қарай, одақтың ішкі шекараларындағы жағдай қиын. Сыртқы шекараларға қарағанда әлдеқайда күрделі. Біз былтырдан бері ЕАЭО регламенті аясында Алқаға жүгіндік. Себебі, жағдайды ушықтырмау керек деп есептейміз. Сондай-ақ, одақ ішіндегі өзара келіскен шартымызға қайшы. Жақын уақытта мәселе шешіледі деген үміттеміз.
Ал Қазақстанның Қаржы министрлігі: «Шекарадағы жағдайды көршілер әдейі ушықтырып отыр» деген пікірде. «Себебі, Қырғызстан көлеңкелі бизнеске қарсы қоян-қолтық жұмыс істеуге құлықсыз» - дейді ведомство өкілдері. «Шекара асатын әр жүкті жіті тексеру көп уақыт алмайды» деген салықшылар шетелдік кәсіпкерлер қосалқы құн салығынан жалтару үшін түрлі қулыққа баратынын алға тартады.
Қадыр Смағұлов, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті Экпорттық бақылау басқармасының басшысы:
- Біз тексерісті күшейтіп жатырмыз. Бірақ ол жұмыс кептеліс болдырмау үшін «Қарасу» бекетінде жүріп жатқан жоқ. Біз бұл жерде құжаттарын сканерден өткізіп, орталыққа мәлімет жібереміз. Жалған тұлғалар мен банкроттар атына тауарларға жалған құжат жасағанын көрсек, полициямен бірге жол бойында тексереміз.
Жауапты министрлік көлік ағынының ұлғаюын Қытай қақпаларының ашылуымен байланыстырады. Оған қоса, сақтық шараларының күшейтілуі де кептеліске түрткі болыпты.
Карантин басталған шақта қазақ-қырғыз шекарасындағы 7 бақылау-өткізу бекетінің 5-уі жабылған болатын. Осы орайда билік өкілдері екі ел арасындағы сауда-саттықты арттырып, арлы-берлі қозғалысты жеңілдету мақсатында тағы бір бекетті ашуды жоспарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!