Ішіп алып полицейді сабаған тұрғын қамауға алынды – Павлодар
Павлодарда өзіне ескерту жасаған тәртіп сақшысына жұдырық ала жүгірген тұрғын уақытша қамауға алынды. 31 жастағы ер адам аулада ішімдік ішіпті. Бұл жөнінде учаскелік полицейге хабарлаған көршілері, көп ұзамай, тәртіп бұзушының полицейді сабап жүргеніне куә болған.
Автор: Әйгерім Шакаманова
08.06.2020
Бақылау камерасына түсіп қалған кадрларда ер адамның аулада жалғыз емес, арбада жатқан кішкентай сәбиінің қасында ішімдік ішіп тұрғаны анық көрінеді. Оқиға орнына келген учаскелік полицей қоғамдық тәртіпті бұзбай, үйіне кіруін өтінген екен. Алайда жігіт көне қоймаған. Кейін айқай-шуға әйелі де араласыпты. Полицеймен жағаласып жүрген күйеуінің қолына жеті айлық баласын әдейі ұстата қойған. Ақыры төбелеске ұласқан жанжалды патруль қызметкерлері зорға тоқтатты. Ал аулада шешініп тастап тәртіп сақшысын сабауға кіріскен 31 жастағы жігіт бұған дейін ұрлық жасап істі болған. Әзірге уақытша қамауға алынған ол кінәсі дәлелденген жағдайда, бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Нұрлан Мәсімов, Павлодар облыстық ПД бастығы:
- Бірнеше рет ескерту айтқан полиция қызметкерімен жанжалдасқан тұрғынға күш қолданбауының себебі бар. Оның қолында кішкентай сәби болған. Баланы әйелі ұстатқан. Полицейді ұрып-соққан ер адам оның денесіне түрлі зақым келтірген. Қазір билік өкіліне қатысты күш қолдану бабымен тергеліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!