Халықты митингке қай жерге жинау керек
Ел билігі халықты қай жерге митингке жинау керектігін шешті. Нұр-Сұлтан мен Алматыда бейбіт жиындарға төрт орын белгіленді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
08.06.2020
Елордада азаматтық ұстанымыңызды оң жағалаудағы орындарда білдіре аласыз. Наразылыққа шыққандар сондай-ақ, Жазушылар аллеясынан бастап, Құдайбердіұлы мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы алаңға қарай жүре алады. Ал сол жағалауда орналасқан Үкімет үйі, парламент және Ақорда жақтан тек бір орын ғана белгіленген. Шенеуніктер астаналық цирк маңын беруді ұйғарыпты.
Алматыда митингке арналған орындар біркелкі бөлінген. Шерушілер қаланың орталық бөлігіне де, Сарыарқа кинотеатрының артына да жинала алады. Оңтүстік астананың әкімдігі Шоқан Уәлиханов атындағы алаңға мың адам сыяды деп отыр. Дәл осы жерден Махатма Ганди саябағына дейін бейбіт шерулер өткізуге мүмкіндік берілген. Ал стратегиялық нысандардың қасында абай болған жөн. Егер белсенді азаматтар Ақорда немесе Елбасы резиденциясының жанында пикет өткізуді ұйғарса, онда олар ғимараттан 150 метр қашықтықта тұруы керек. Мұндай қашықтық зират, әуежай, теміржол станциясы, жылу электр станцияларына және басқа да мекемелерге қатысты сақталуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!