Елорда іргесінде жарықсыз отырған жұртқа судың жоқтығы қосылды
Ауыз судан тарыққан тұрғындар! Тура елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылының халқы бір аптадан аса тіршілік нәріне жарымай шулап жүр. Тіпті су таситын көліктер де келуін азайтқан. Су сатып алып, дүкендерді байытқан тұрғындардың зарын әкім қаралардың елегісі жоқ. Жұрттың базынасын тілшіміз тыңдап қайтты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
09.06.2020
Елордадан 20 шақырым жерде тұратын жібекжолдықтардың жаз басталса болды, көретін күні осы. Жыл сайын бір мәселе қайталана береді. Жарықсыз отырған жұртқа судың жоқтығы жығылған үстіне жұдырық. Амалдап күнін көру үшін тұрғындар жер қазып, ащы су ішіп жүр.
Әлімбай Арқабай, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
- Жылдың жартысы өтіп жатыр. Әлі әрекет етіп жатқан ешкімді көрмедім. Ал енді жердің астынан 8-9 метрге қаздырамыз. Адам ішпек түгілі, жуыну мүмкін емес. Мал ішпейді оны, егін суғара алмайсың. Одан жердің бетіндегі көктемде тасыған суымыз жақсы, сол таза екен.
Ал бұл үйде 42 пәтер бар. Үш жыл бұрын осында көшіп келген Әсия Мұхаметқалиқызы күнде суды дүкеннен тасиды. Бір литрін 50 теңгеге сатып алады. Ыдыс пен кірін жуған суды төкпей, керегіне жаратады.
Әсия Мұхаметқалиқызы, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
- Үйдегі ақырғы суым осы. Тасып әкелген. Күніне көлікке үлгерсем, балалар көмектеседі. Өзім бар ыдысты толтырып аламын. Ал көрмей қалсам, сусыз қалам. Онда сатып аламын. Ыдыс-аяқ жуған суды жинаймыз да, ағызамыз. Отырмаймыз, далаға барып келеміз.
Азғантай уақытқа берілетін суды алып үлгеріп қалу – ауыл тұрғындарының күн сайынғы міндеті. Әйтпесе, тіршілік нәрінсіз қалады. Кейбірі бөшкелеп тасуға мәжбүр. Ауыл әкімін іздеп әкімдікке беттедік. Бірақ жұмыс орнында болмады. Жоғын пайдаланып, әкімшілік ғимаратында судың бар-жоғын тексеріп көрдік.
Қазір біз Жібек жолы ауылының ғимаратында тұрмыз. Бұл жерде мынадай екі литрлік банкілерге су толтырылған. Кранды ашсақ, су жоқ. Соған қарағанда әкімдік қызметкерлері мына банкідегі суды пайдаланады. Және әжетхананың тіпті басатын жері де жоқ.
Жібек жолына алыстан қарасаң, көз тоймайды. Зәулім үйлер, демалыс орындары, монша, дүкендер. Қарапайым халыққа су жетпегенімен, бай-бағландардың әрқайсысы су ұңғымасын қазып алған. Ауыл әкімі де судан тарығып отырған жоқ. Бұқараны құрғақ уәдемен қатыратын басшыны құрылыс басынан таптық.
Ғабдулғайып Рысбаев, Жібек жолы ауылының әкімі:
- Өзімнің скважинам бар. Осы жерденмін. Осындағы тұрғындардың барлығында скважина бар. Техникалық су жетпей жатыр. Ауыз суды мұнарадан алуға болады және автоматтардан алуға болады. Халық саны, үй саны өсіп бара жатыр жылдан-жылға. Бір жұма, он күннің ішінде екі скважинаны тапсырып берсек, су жағынан жағдай шешіледі.
Әкім айтқан екі су ұңғымасының бірі 60 жылдары салынған мұнара. Ауылға су беру тоқтаған кезде, бұл жердегі екі құдыққа су жиналады екен. Ол толған соң, қайта су беріледі. Әзірге осылай күнін көріп отырған Жібек жолында келесі жылы су соратын станса салынбақ. Әкімдегілер сонда 20 мың тұрғын ауыз судың зардабын тартпайды деген сенімде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!