Алматыдағы Шаңырақ тұрғындары өлместің күнін кешіп отыр
«Қаланың ортасындағы ауылдаймыз». Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданының тұрғындары бүгін талабын айтып, аудан әкімдігінің алдына барды. Олар: «10 жылдан астам жолсыз, кәріз жүйесінсіз күн кешіп келе жатқан үш көшеге әкімдік қарайласпайды» - деп ашулы. Ал атқамінерлердің өз айтары бар.
Автор: Асқарбек Қазанғап
09.06.2020
Алатау ауданы әкімдігінің терезесінен қараса, күйі жоқ үш көшеге көз жетеді. Бірақ қанша әкім ауысқанымен, шаңға бөккен Қобыланды, Алпамыс, Қаратау көшелеріне асфальт әлі төселмеген.
Әкбаржан Жұмабаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ауылдарында да асфальт бар қазір, қала емес. Біз айта-айта тіліміздің терісі түсіп кетті. Әкімдерге де айттық талай рет, депутатқа айттық, ешқандай нәтиже жоқ, міне, 20 жыл болды!
Жолдан бөлек, кәріз жүйесі мен су құбыры тартылмаған. Өлместің күнін кешкендер әкімдіктен қайыр болмаған соң, өз күшімен су жүйесін жүргізген.
Ақзер Шөкенова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қазір су жоқ. Біз көшелерден аттап, төрт көше былай суды өткізіп қойдық. Енді ол көше біреудің үйі жарылса, бізге су бермейді ғой. Кім есігінің алдын бұзады?
Шұрық-тесік жолда шаң жұтып шапқылап жүрген балалар ойын алаңына зар. «Оны салар орын болғанмен, құлық түрген әкімдік жоқ» - дейді тұрғындар.
- Құрметті әкім мырза, бізге ойнайтын алаңқай салып беріңізші.
Бүлдіршіндер құрметпен қараған әкімге ересектер қыжылмен қарайды. Айта-айта аузы талған тұрғындар бүгін кезекті рет Алатау ауданы әкімдігінің алдына барды. Сұраққа жауап алды. «Бәрі шешіледі» деген әкім орынбасары алайда бәрінің қашан шешілетінін айта алмады.
Әділет Тоқтасынов, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:
- Энергетика тиімділік басқармасынан жобалық сметалық жұмысы дайын болды. Су мен кәріз бірінші тартылмағанша, жол болмайды. Өзінің технологиясы бар.
- Осы жазда басталады деп айтуға бола ма?
- Басталады деп мен айта алмаймын. Жобалық сметалық шыққаннан кейін оны Энергия тиімділік нақты айта алады.
Әкім орынбасарын қаумалағандар қордаланған мәселелерін ақтарды. Бірақ уақыты тығыз болды ма, тұрғындар тарқамаса да, шенеунік ішке тайып тұрды.
Көпшіліктің құр уәдеге көңілі көншімеді. Қанша жылдан бері қажытқан жол мәселесі шешілетінін жергілікті әкімдіктің өзі нақты айта алмай отыр. «Сабырдың да шегі бар» деген тұрғындар проблема бір жақты болмаса, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа шағынданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!