{metadescription}
Түркістанда Оқушылар сарайын салып жатқан жұмысшылар жалақысыз жүр
Түркістанда Оқушылар сарайын салып жатқан жұмысшылар жалақысыз жүр

Түркістанда Оқушылар сарайын салып жатқан жұмысшылар жалақысыз жүр

Түркістанда Оқушылар сарайын салып жатқандар шу шығарды. Себебі, құны 5 миллиард теңгелік нысанды жеңіп алған компания соңғы үш айлық жалақыны бермей ізім-қайым жоғалған. Тендерді ұтқан елордалық компания жұмыстың көбін жергілікті ұсақ мекемелерге жүктеп, құрылыс материалдарын да дүкеннен алдыра берген. «Ақырында ақша бермек түгілі, бас мердігердің өзі ізім-қайым жоғалып тынды», - дейді арызданушылар. «Таза тақырға отырдық» деген жұмысшылармен тілшіміз тілдесіп келді.

Түркістандағы Оқушылар сарайының құрылысы былтыр басталған. «Самұрық-Қазынаның» тапсырысын орындау елордалық «Құлагер» құрылыс компаниясына тапсырылады. Олар жұмысшыларды негізінен жергілікті тұрғындардан жинап іске кіріскен. Бірақ биыл жыл басынан бастап айлықты беру кешіктіріліп, соңғы үш ай мүлдем төленбеген.

Нышанқожа Әбдікәрімов, жұмысшы:

- Бала-шағам, үш немерем бар. Бәрі менің айлығыма қарайды. Асырайсың, біреудің үйін әктеп берсең де, әйтеуір біреудің тоңазытқышын, жарығын істеп бересің, тұрмыстық бұйымдарын жөндеп, түнде көз майыңды тауысып шұқылайсың. Сөйтіп нан тауып жеп отырған жағдайымыз бар. Бұлар қарамайды саған, өліп қалсаң да.

Құрылыс компаниясы келісім-шартпен құны 5 миллиард теңгелік үш қабатты оқушылар сарайын биыл 1-шілдеге дейін тапсыру керек болған. Алайда аяқ астынан бас мердігер ауысып, ал «Құлагердің» жұмысшылары далада қалған.

Құрылысы әлі жүріп жатқан Түркістан қаласындағы оқушылар сарайының төлқұжатында осыдан екі апта бұрын ғана ірі әріптермен «Құлагер» деп жазулы тұрған. Тек әп-сәтте нысанның төлқұжаты өзгеріп, бас мердігер өзге компания боп шыға келген. Ал «Құлагерден» айлап алашағын ала алмай қалған жұмысшыларды құрылыс алаңына тіпті жолатпайды да.

«Құлагер» құрылысты бастамай жатып-ақ жұмыстың көбін жекеменшік ұсақ компанияларға жүктеген. Яғни, жай ғана тапсырыс беруші мен орындаушылардың арасында делдалдық етіп келіпті. Ал ұсақ компанияларға дүкеннен құрылыс материалдарын қарызға алдыра берген. «Арада келісім-шарт жасалған соң, ақшасын міндетті түрде аударатынына сеніп қалдық» деген жергілікті компаниялар құрылыс заттарына миллиондап қарыз.

Бекзат Байкөбеков, жабдықтаушы компания өкілі:

- Мойнымдағы материалдарға бөлек қарыздары бар.

- Ол қанша миллион?

- Орта есеппен алғанда 10 миллионнан асады.

- Сіздерді қазір ол дүкендер қыспаққа алып жатыр ма?

- Қысып жатыр ғой. Қазір үйімізге де бара алмай қалдық, шыны керек. Кешке жақын үй жаққа келіп күтіп тұрады. Телефон нөмірімізді де ауыстырып жібердік, былай келгенде.

Қарыздан әне-міне құтыламын деген «құлагерліктер» дем арасында құрылыс алаңынан жоғалып, кейін телефонды көтеруді қойыпты. Нұр-Сұлтанда жайғасқан басшылығы құрылысшыларға қарыз екенін мойындайды. Бірақ неше адамға, қанша қарыз екенін және оны нақты қашан қайтаратынын айта алмады.

Бейсебай Жырғабаев, құрылыс компаниясының бас директоры:

- Құрылыс материалдарымен де жоқ емес, бар. Бүгінге біз нысанды басқа мердігерге беріп жатқаннан кейін, қазір біздің тапсырыс беруші мен екі ортада келісім бар. Біздің компания немесе алып жатқан компания қарызды адамдарға төлеп береді. Оған кішкене уақыт керек.

Алғашында «Құлагер» басшылығына имандай сеніп, қазір көңілі қалған 100-ден астам жұмысшының шыдамы таусылған. «Тақырға отырдық» деген олар жаппай Еңбек инспекциясынан бастап, Бас прокуратура мен сотқа шағым жазып жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде