ТЖ кесірі: Бюджет 125 миллиард теңгеден қағылды
Республикалық бюджет 125 миллиард теңгеден қағылды. Жыл басынан бергі бес айдың кірісін есептегенде түсім көлемі жоспарлы межеге осынша жетпей қалыпты. Қаржы министрі оны төтенше жағдайдың кесірі деп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
09.06.2020
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Жоспардың орындалмау себебі, негізінен корпоративтік табыс және қосылған құн салықтарының аз түсуі есебінен болды. Оған сыртқы факторлар аясында төтенше жағдай кезеңінде бизнесті қолдауда қабылданған шаралар әсер етіп отыр. Салық түсімдерінің азаюы сәуір айынан басталып, ағымдағы жылдың мамыр айында жалғасты.
Министр Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуі негізінен көтерме және бөлшек саудада байқалыпты. Мәселен, тауар өткізу көлемі өткен жылдың мамырымен салыстырғанда 1 триллион 200 миллиард теңгеге төмендеген. Экспорт бағасы да шамамен 3 пайыздан аса құнын жоғалтыпты. Бұл әсіресе тау-кен өндіру саласынан келетін салық түсімдерін 361 миллиард теңгеге түсірген. Бюджетке мұнайдан түсетін салық та біраз азайған. Сондай-ақ, шикі мұнай экспортынан да 4 миллиард теңге аз түсіпті. Себебі, сәуірде мұнайдың орташа бағасы барреліне 25 доллардан төменден кетіп еді. Соған байланысты мамырда экспорттық кедендік баж салығы алынбаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!