Екі адам қайтыс болды. Қай өңірде індет дендеп барады
Елімізде COVID-19 вирусынан тағы екі адам қайтыс болды. Оның бірі – Павлодар қаласының тұрғыны. Айналдырған екі күн ішінде бұл өңірде осымен екінші адам індеттен марқұм болды. Осы аймаққа көршілес жатқан Петропавлда індет балабақшаға барып жүрген бүлдіршіннен табылды. Қарағандыда да індеттің таралуы тоқтамай тұр. Мұнда бір күнде 40 адам ауырып қалған.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.06.2020
Айналдырған екі күн ішінде Павлодарда коронавирустан екі адам қайтыс болды. Соңғысы 63 жастағы әйел. Ол осыдан он күн бұрын қызуы көтеріліп ауруханаға түскен. Екі өкпесінен ентігіп, тыныс алуы қиындаған соң жансақтау бөліміне жатқызады. Аппаратқа қосқанымен, ақыры беті бері қарамаған.
Біржан Досмайылов, Павлодар облыстық ДСБ басшысының міндетін атқарушы:
- Коронавирусты жұқтырғаннан кейін өзінің созылмалы аурулары асқынды. Қайтыс болған себебі: жүрек пен тыныс алу жетіспеушілігінен.
Ақтөбе облысының Шалқар қаласында індет дендеп барады. Бұл жақта бір күнде үш адамнан вирус анықталды. Қаланы карантинге жаппағанымен, шектеу шараларын қайта күшейтіп жатыр. Мұнда көшеде бейсауыт жүруге болмайды. Үш адамнан артық жиналуға тыйым бар. Ал дүкендер тек белгілі уақытпен жұмыс істейтін болады.
Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облысының бас санитар дәрігері:
- Тоғыз бен 20-00-ге дейін азық-түлік дүкендер, 10-нан 3-ке дейін киім сататын дүкендер, сауда үйлері мен базарлар жұмыс істейді.
Петропавлда COVID-19 вирусы балабақшаға барып жүрген үш жасар баладан табылды. Қазір мектепке дейінгі мекеменің тәбіриешілерілері мен сондағы бүлдіршіндер жаппай тексеріліп жатыр. Бөбектің індетті әкесінен жұқтырғаны белгілі болды. Ол жақында ғана Ресейден келген екен.
Әсет Жұматаев, Петропавл қаланың Бас санитар дәрігері:
- Отағасы басқа аймақтан іс-сапардан келген. Үйге оралған соң қызуы көтеріліп ауырады. Тексеру кезінде коронавирус табылды. Одан вирус әйеліне жұққан. 2007 жылы туған бала да ауырып қалды. Ол барып жүрген балабақша карантинге жабылды.
Қарағандыда індеттің таралуы тоқтамай тұр. Бұл өңірде осы уақытқа дейін коронавирустан алты адам қайтыс болып, мыңнан аса тұрғын дертті болған еді. Соңғы бір тәуліктің өзінде қырық адамнан вирус табылды.
Гүлмира Мүксінова, Қарағанды облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің бас маманы:
- Науқастардың барлығы ПЦР әдісімен анықталғандар. Скрининг, аурулармен жақын қарым-қатынаста болған адамдардан анықталды. Барлығы Қарағанды қаласының тұрғындары.
Ал соңғы деректерге қарасақ, ел бойынша COVID-19 жұқтырғандардың нақты саны 13 074 адам. Оның 7737-сі ауруынан айығып, үйіне жіберілген. Науқастардың көптігінен бұл кестені бұрынғысынша Алматы, Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалалары бастап тұр.
Соңғы бір тәулік ішінде Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында да індет жұқтырғандар көп.
Ідеттің белгілері жоқ, бірақ вирусты тасымалдаушы ретінде бір күнде 339 адам анықталды. Оларды науқастардың қатарына қоспаса да, санитар мамандар «есепке алу – міндетіміз» деп отыр. Мұндай адамдар ауруханаға жатқызылмайды, жаңа тәртіп бойынша тек учаскелік дәрігер бақылауында болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!