Қарағандыда екі жігітті атып кеткендерге іздеу жарияланды
Қарағандының қақ ортасында да тапа-тал түсте атыс болды. Соның салдарынан екі адамға оқ тиіп, ауруханаға жеткізілген. Оқиға орынан із суытқан күдіктілерді полиция тайлы-тұяғы қалмай іздеп жатыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
09.06.2020
Бұл бейнекадрларда екі жігіттің сұлап жатқанын көруге болады. Бірі басын сауғалап, көліктің артына қарай жанталаса жылжығаны байқалады. Оқ атқан адам жалмажан көлігіне қарай жүгірген. Артынша сыбайласы да көлікке мініп, қарасын батырды. Ал оқиға куәгерлері жәрдем жетпей тұрып-ақ қансырап жатқан жігіттерге көмек беруге тырысқан. Сәл кейінірек атыс болған жер – элиталық тұрғын үй кешенінің алдын полиция қоршап тастады. Бір айта кетерлігі, мұнда бір-бірімен үш көлік соқтығысқан. Оқиға орны жіті тексеріліп, үйдегі бақылау камераларының жазбалары алынды. Күдіктілерге Қарағанды облысы бойынша іздеу жарияланды. Ал оқиға орнынан жедел жәрдем алып кеткен екі жігіттің жағдайы орташа.
Ерік Шонбаев, Х. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың дәрігері:
- 1988 және 1989 жылы туған екі азаматқа оқ тиіп жараланған. Біреуінің бір аяғына, екіншісінің екі аяғына да оқ тиген. Екеуінің де аяғы сынған. Жағдайлары орташа. Есін біледі. Отадан кейін олардан тергеушілер жауап алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!