Ақтауда кәсіпкер мен шенеунік арасында дау туды
Кәсіпкерлікке қиянат. Ақтаулық бизнесмен қала әкімінің орынбасарын рейдерлік жасады деп айыптады. Кәсіпкер мен шенеунік арасындағы дау көшені тазалау және көгалдандырумен айналысатын мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға қатысты туындаған. Бұл мекемені кәсіпкер екі жыл бұрын 350 миллион теңге қарызымен бірге сенімгерлік басқаруға алған екен. Алайда оның айтуынша, қарыздан құтылып, тендерді жеңіп алған сәттен бастап компания тексерістің астында қалған көрінеді.
Автор: Мақсат Мәлік
10.06.2020
Жасұланбек Сейітов, «Вест Строй Групп» ЖШС директорының орынбасары:
- Барлық жұмыс біздің басшылыққа, «Қала жолдары» компаниясына қарсы бағытталған. Шындығын айтқанда рейдерлік жолмен тартып алумен тең. Компания шығынға батқан болатын, қазір ондай мәселе жоқ. Барлық қарыздарды өтеп, белгіленген жұмысқа сәйкес тендер жеңіп алдық. Қазір компанияның жұмысы кісі қызығарлықтай.
Бизнесменнің сөзінше, кәсіпорынды мемлекеттік тексеруге бір қызметкерінің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы түрткі болған. Онда заңсыздықтар туралы айтылыпты. Содан кейін компанияның жеке құжаттарын сұрата бастаған шенеуніктер «қаланы тазалау жұмыстары толық атқарылмады» дегенді сылтауратып, төлемді 30 пайызға қысқартыпты. Бірақ әкімдіктегілер кәсіпкердің айыптауымен келіспейді. Шенеуніктер соңғы уақыттары компания атына тұрғындар мен пәтер иелері кооперативінен көптеген шағым түскенін айтады. «Оған қоса, жасыл желекті дер кезінде суармады» деген әкімдік өкілдері көшені тазалау және көгалдандыру жұмыстарына бірдей адамдарды жұмылдырған дейді.
Серік Ғұсман, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:
- Көкжелектерді суару мәселесі шешілмей отырғанына байланысты қурап, жойылу үстінде. Тапсырыс беруші әкімдікке қарасты мекемелер жұмыстарын тексеріп, оларды жою жөнінде ұсыныстарын беруде. Алайда мердігер мекеме тиісті шарасын алып, жұмыстарын ұйымдастыра алмай отыр. «Қала жолдары» ЖШС-де жолды күтіп ұстау бойын 260 адам жұмыс жасауы керек. Бірақ бұл салада нақты 212 адам жұмыс жасайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!