«ҚазАгро» қоржынында бес жыл бойы құр жатқан қайран ақша
1 миллиард 800 миллион теңге «ҚазАгроның» қоржынында 5 жыл бойы құр жатқан. Бұл қаражат о баста холдингке агроөндіріс кешені мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға берілген екен. Мәжіліс депутаттары оның себебін бүгін тағы сұрады.
Автор: Ербол Тұрымбет
10.06.2020
Сергей Звольский, Мәжіліс депутаты:
- Әңгіме Қазақстан-Венгрия тікелей инвестициялар қоры туралы болып отыр. Мен және менің әріптестерім бұл қаражатты пайдаға жарату мәселесін бірнеше жыл қатарынан көтеріп келеміз. Енді кеше ғана біліп отырмын, екі апта бұрын ол қаражат республикалық бюджетке қайтарылыпты. Бірақ ол ақша неге бес жыл бойы еш нәрсеге жаратылмай құр жатты?
Екі жыл бұрын осы мәселе сөз болғанда сол уақыттағы ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов үш жобаның дайын боп қалғанын және қаржыландыру болса, оны жүзеге асыруды бастап кетуге болатынын мәлімдеген. Ал былтыр осы министрлікті басқарған Өмірзақ Шөкеев не ол жобаларды қайта қарайтынын немесе ақшаның жұмсалу мақсатын өзгертетінін айтқан. Бірақ содан бері бұл ақшаның тиісті жерге жұмсалғаны туралы бір ауыз айтылмапты. Мәжіліс депутатының бұл сауалына қазіргі министрдің жауабы дайын. Оның айтуынша, аталған жобалар басқа қаражатпен жүзеге асқан.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Техникалық қиындықтар туындады. Нормативтік құжаттар дұрыс жасалмағандықтан, ол уақытта бұл ақшаны пайдаға жарату мүмкіндік болмады. Сөйтіп ол жобалар венгерлер тарапы мен «ҚазАгроның» өз ақшасына жасалды. Қазір ол қаражат республикалық бюджетке қайтарылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!