{metadescription}
Сенат сайлауына 254 миллионнан астам қаржы бөлінеді
Сенат сайлауына 254 миллионнан астам қаржы бөлінеді

Сенат сайлауына 254 миллионнан астам қаржы бөлінеді

Қазақстан Сенатын өзгерістер күтіп тұр. Бүгін мемлекет басшысы Парламенттің Жоғарғы палата депутаттарын сайлайтын күнді бекітті. Ол 12-тамызда өтпек. Президент Жарлығын бірден орталық сайлау комиссиясы да іліп әкетті. Бұл сайлаудың ережесі сол қалпында, тек ақшасында ғана айырмашылық бар. Үш жыл бұрын Сенат сайлауына 92 миллион теңге жұмсалса, осы жолы 254 миллион теңгеден аса қаржы бөлінгелі отыр.

Сенаттағыларды күтіп тұрған өзгерістің бәріне бірдей қатысы жоқ. Өзгеріс тек депутаттық мандаттың жарамдылық мерзімі аяқталғандар үшін ғана. Яғни, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан  енатқа бұл жолы жаңадан 17 адам келуі тиіс. Осылайша Парламенттің Жоғарғы палатасының үштен бірі ауысады. 

Ал 2014 жылы сайланған 17 депутаттың 4-еуі 2008 жылдан бері бір орында тапжылмай отыр. Соңғы екі сайлау барысында сенаторлардың құрамы шамамен үштен екісі жаңарған болатын. Бұл сайлау президент Тоқаевтың мемлекет басшылығына келгендегі ең алғашқы үлкен саяси науқаны.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы 2020 жылғы 12-тамызға тағайындалсын. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

Жалпы, сенатордың жайлы орнына 30 жасқа толған қазақстандықтар үміткер бола алады. Өз өңірінің немесе қаланың мүдделерін білдіру үшін кандидаттың сол жерде кемінде үш жыл тұруы, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Биыл сайлаушыларға санитарлық талаптарды сақтау қатаң талап етіледі.

Константин Петров, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Жергілікті атқару орындары мен өңірлердің бас санитар дәрігерлері аймақтағы жағдайға байланысты қауіпсіздік шараларын қолға алу керек. Дезинфекциялық құралдар, арақашықты сақтау, медициналық бетперде тағу сақталуы тиіс. Қазір Денсаулық сақтау министрлігімен сайлауалды үгіт жүргізетін күндер мен дауыс беру мерзіміне сәйкес, басқа да шараларды қабылдау туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

2017 жылы Сенат сайлауына ел қазынасынан 92 миллион теңге ғана бөлінсе, бұл жолы 254 миллион теңгеден астам қаржы қаралған. Үш жыл бұрынғыдан үш еседей артық қаражатты Орталық сайлау комиссиясы қайда жұмсамақ?

Сәбила Мұстафина, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Бұл ақша сайлау комиссияларының қызметі мен ұйымдастыруға, мәслихат депутаттарының іссапары және көлік шығындарына, сайлау компаниясының қызметін ұйымдастыру үшін қажетті полиграфиялық қызметтерге, сондай-ақ, сайлау нысандарын рәсімдеу қызметтеріне, БАҚ-та ақпарат жариялауға жұмсалады.

Айта кетейік, Жоғарғы палатада 49 депутат бар. Оның 15-ін президент, қалған 34-і кезең-кезеңімен 6 жыл сайын ауысып отырады. Ата Заңға сәйкес, жаңа депутаттарды әдеттегідей халық емес, өз әріптестері таңдайды. Яғни, мәслихаттағылар жанама сайлау құқығы арқылы дауыс береді. Сөйтіп, алты жыл мерзімін өткендердің орнына әр өңірден көп дауыс жинаған бір-бір сенатор жайғаспақ.

13-маусымнан бастап Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыныла бастайды. Ол 30 күнге созылып, 12 шілдеде аяқталмақ. Үміткерлерді тіркеу тиісті құжаттар ұсынылғанына қарай басталып, 23-шілдеде тоқтайды. Сайлау алдындағы үгітке 18 күн қарастырылған. 11 тамыз тыныштық күні, ал 12 тамыз дауыс беру күні.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде