Бас санитар ескертеді: Шектеулер қайта күшейтілуі мүмкін
Коронавирустың белгісі жоқ науқастар жағдайы ушыққанның өзінде ауруханаға жатудан бас тартып жатыр. Мамандар әсіресе елордадағы ахуалға алаңдаулы.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
12.06.2020
Сәуле Қисықова, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Егер симптомсыз науқаста жағдайы нашарласа, дереу ауруханаға жатқызып, денсаулық жағдайыны ушықпауына шаралар қабылданады. Міне, осы тұста көптеген азамат ауруханаға жатқысы келмейді. Сөйте тұрып, өзінің ғана емес туыс-туғандары мен жақындарының денсаулығына қауіп төндіреді.
Бұған дейін айтқанымыздай, коронавирус жұқтырғандар вирустың айқын белігісі бар және сырқаты білінбейтіндер болып екі топқа бөлінген. Алғашқылары міндетті түрде ауруханаға жатқызылса, вирустың белгісі жоқ науқастар үй карантинінде ем қабылдайды. Олар қан құрамын бақылайтын жабдықпен де қамтамасыз етілген. Әрі мамандар тарапынан күнделікті бақылауда. Егер жағдайлары ушықса, дереу медициналық шара қабылданады. Ал астаналық азаматтар мен жұмысын қайта бастаған орталықтар санитарлық талапты сақтамай отыр. Салдарынан күніне ел астанасында 5-6 отбасыда вирус анықталып жатыр. Коронавирусқа шалдыққан жанұялардың құрамында жасы да, жасамысы да бар. Тұтас отбасылардың Сovid-19-ға шалдығуы, әсіресе мерекелік жиындардың кесірінен екен. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, шектеулер қайта күшейтілуі мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері осылай деп ескертті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!