Бекболат Тілеухан: Сөйлесуге шамам жоқ, айналайын, ауырып жатырмын
Дерт депуттарға да жетіпті. Мәжілісмен Бекболат Тілеухан қазір ауруханада коронавируспен күресіп жатыр. Басқа әріптестерінен әзірге вирус табылмапты. Десе де, Мәжіліс үйі сақтық шараларын күшейтіп, қауіптің алдын алуға көшкен. Ал Павлодар облысында тағы бір науқас көз жұмып, кесел құрбандарының саны елімізде 68-ге жетті. Өзге өңірлердегі эпидемиологиялық ахуал қандай?
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
12.06.2020
Бекболат Тілеуханның қанынан коронавирус 10 күн бұрын табылған екен. Үй карантинінде жатқан депутаттың денсаулығы күрт нашарлаған соң аурухана жатқызылыпты. Ем-дом алып жатқан мәжілісменге қоңырау шалдық. Ауру алқымынан алып жатыр ма, әйтеуір депуттаттың дауысы әрең шықты. «Бәрі жақсы» деп қысқа жауап бергенімен, оның қиналып жатқаны телефонның арғы жағынан анық білінеді.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:
- Ассалаумағалейкүм, аға! Қалыңыз қалай?
- Шүкір. Жақсы.
- Денсаулығыңыз қалай?
- Жақсы. Сөйлесуге шамам жоқ, айналайын. Дәрігерлер жауап берсін. Бәрі жақсы. Рақмет, жаным. Ауырып жатырмын.
Енді депутаттың жанында жүрген көмекшілері мен отбасы мүшелері жаппай тест тапсыруға көшкен. Қазірдің өзінде Тілеуханмен байланыста болған бес адамнан вирус анықталған көрінеді. Ал Мәжіліс үйіндегілер алаңдауға негіз жоқ деп отыр.
Мәжілістің баспасөз қызметі:
- Қазір Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханнан коронавирустық инфекция анықталып, ол қажетті емдеу курсын қабылдауда. Мәжіліс депутаты осыған дейін қашықтан жұмыс істеу режимінде болған. Бүгінгі таңда депутаттық корпустан да, аппарат қызметкерлерінен де аталған ауру белгілері анықталған жоқ.
Расымен де елордада ауыздықтауы қиын ауру айылын жимай тұр. Тіпті көзге көрінбейтін кесел бас қаланың 330 медицина маманына жабысыпты. Ең қызығы, індеттің ілмегіне іліккен ақ халаттылардың үштен бірі ғана қауіп өтінде жұмыс істеген. Сондай-ақ, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының 40 қызметкерінен коронавирус анықталды. Олар Covid-19-дың белгісі жоқ, бірақ індетті тасымалдайтындардың санатына жатады.
Cәуле Қисықова, Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Елордамызда жалпы вирус жұқтырған 2620 адам анықталды. Оның ішінде 270-і – бала. Науқастардың ішінде 48-нің жағдайы ауыр. 18 науқас өте ауыр жағдайда. Өкпесі жасанды желіту аппаратына қосылған. Өкінішке қарай, 14 адам толық жүргізілетін медициналық көмекке қарамастан қайтыс болды.
Павлодар облысында да тағы бір науқас қауіпті дерттен көз жұмды. Осылайша елімізде кесел құрбандарының саны 68-ге жеткен. Коронавирус Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында әлі өршіп тұр. Ақтөбе, Түркістан мен Жамбыл облыстарында да эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Соның салдарынан кей өңірде карантиндік шаралар күшейтілген. Елімізде науқастар саны 14 мыңға жуықтаса, Covid-19-дан құлан-таза айығып шыққандар сегіз жарым мыңнан асып жығылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!