{metadescription}
Экологтар: Есік көлі тартылып барады 
Экологтар: Есік көлі тартылып барады 

Экологтар: Есік көлі тартылып барады 

«Алматы облысында табиғаты көркем Есік көліне қауіп төніп тұр». Осылай дабыл қаққан экологтар көл суы жыл санап тартылып, таязданып бара жатқанын айтады. Олардың сөзінше, бұған жақын маңдағы су электр станциялары кінәлі. «Олар көлге құятын ағын суды үнемі бұрып алады», - дейді табиғат жанышырлары. Алайда станцияның өкілдері басқа пікірде.

Тіпті экологтардың жанайқайыннан соң, Алматы облысының әкімдігі мәселені назарға алып, көл жағасындағы өзге де келеңсіздіктердің барын мойындады.

Тұмса табиғат аясындағы Есік көлінің сұлулығында бір мін жоқ. Алайда экологтар жақын арада көл құрдымға кетіп әрі-бері ойқастаған қайықтар қайраңдап қалуы мүмкін дейді. Өйткені жыл санап суы жағадан шегінген көл тартылып, таязданып барады. Табиғат жанашырлары мұндай қысастықтың адам қолымен жасалғанына қапалы.  

Тимур Елеусізов, «Табиғат» экоодағы төрағасының орынбасары:

Басты мәселе су электр станцияларына қатысты болып тұр. Бұл біз тұрған Есік және Үлкен Алматы көлінде де бар. Олар өндіретін электр энергиясының көлемін ұлғайту үшін өзен арналарын бұрып алған. Соның кесірінен көлге су келмейді, таязданып барады. Мұның арты үлкен табиғат апатына алып келеді.

Экологтардың айтуынша, көркі көз тартатын Есік көлінің ахуалы төтенше жағдай кезінде одан сайын ушыққан. Себебі, екі айға жуық бұл маңға ешкімнің аяғы аттап баспаған. Ал сол кезде бақылаусыз қалғандықтан көлге құятын ағын суды керегінше бұрып алған дейді мамандар.

Алайда Есік көліне жақын орналасқан су электр станциясы  өкілдерінің уәжі басқа. Олардың сөзінше, осы аймақта іркес-тіркес 4 су электр станциясы бар. Бірақ ешқайсысы көлге зиянын тигізбейді деп бет қаратпағандар  қордаланған мәселе 60 жылдан бері барын айтады. 

Кенжемұрат Дүкенбаев, СЭС-3 директоры:

- ГЭС-тің бәрі төменде тұр. Олар суды ішпейді, пайдаланбайды. Жылда төмендейтін себебі екеу. Біреуі қыста мұз ерімей ағын азаяды, 500 литр секундына. Екінші себебі, таста тұрған көл ғой, осының тесіктері бар.

Алдымызға қағаз-құжатын жайып салған директор көлдің табиғи қалпын сақтау жолында әрекет етудеміз дейді. Тіпті, екі жыл ішінде табаны мен жағалаудағы жарықтарды бітеуге 50 миллион теңге жұмсадық деп сендірді. Ал суы азайған көлдің жайын жеткізген экологтар стратегиялық нысанның ашық-шашық жатқанына да қынжылыс білдірді.

Тимур Елеусізов, «Табиғат» экоодағы төрағасының орынбасары:

- Көріп тұрғанымыздай, адам қарасы көп. Стратегиялық нысан болғандықтан олардың бұлай жүруіне рұқсат жоқ. Көліктерін көл жағасына қаңтарып жуып жатқандарын көргенмін. Шашлық пісіріп сайран құрады. Өрт қауіпсіздігін сақтамайды.

Алматы облысының әкімдігі көлдің таяздануын таудағы мұздықтардың кеш еруімен байланыстырады. Бірақ Есік суының деңгейі қанша метрге төмендегенін ешкім дөп баса алмады. Десе де әкімдіктегілер жағалаудың сиқын қашырған бассыздықты тоқтатуға уәде берді.

Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Барлық коммерциялық нысандар аймақтан алынып тастайды. Сонымен қатар катердің жұмысы тоқтатылды. Толық жағаға шығарылды. Келешекте мұндай қызмет түрі көлде көрсетілмейтін болады.

Әкімдік өкілдері келешекте көлге кіреберісте арнайы блок-бекет қойылатынын жеткізді. Алайда суы тартылса, қасиеті көк тиын екенін меңзеген экологтар Есік көлінің мәселесін Үкімет деңгейінде қарастыру керек деп есептейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде