Миы шайқалып қан-жоса таяқ жеген қария арыз жазудан бас тартты
Алматы облысында 78 жастағы зейнеткерді соққыға жыққандар іздестіріліп жатыр. Жетіген ауылының тұрғынын белгісіз біреулер көк-ала қойдай етіп сабап, ес-түссіз жол жиегіне тастап кетіпті. Оңбай таяқ жеген кейуана қазір ауруханада. Миы шайқалып, бет сүйегі сынған. Алайда зейнеткер полицияға арыз жазып, кімнен зәбір көргенін айтуға құлықсыз. Сөйтсе, оның себебі де бар екен. Немерелерінің айтуынша, қарияны туған ұлы сабапты. Сонымен қалтыраған қартқа қол көтерген кім?
Автор: Диас Нұрақын
15.06.2020
78 жастағы кейуананы аяусыз соғып кетіпті деген ақпарат Жетіген ауылында желдей есіп тұр. Үйде жалғыз тұратын қарт ананы сенбі күні түнде белгісіз біреулер ұрып-соғып, ауылдың сыртына апарып тастаған. Осы жерден шамамен 4-5 шақырым жол жиегінде ес-түссіз қансырап жатқан әжейді жедел-жәрдем көлігі көріп қалып ауруханаға жеткізген.
Қылмыс болған үйде тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Зейнеткердің жатқан төсегі мен бөлме іші түгел қызыл ала қан. Бірақ үйден ештеңе жоғалмапты. Ұрланатындай бағалы зат та жоқ. Әжесінің оңбай таяқ жегінін естіп бүгін немерелері де алып-ұшып жетті. Олар Любовь Авилованы ешқандай да ұры-қары емес, жақын маңда тұратын ортаншы ұлы ұрып-соққанына сенімді. Өйткені үнемі шешесінің зейнетақысын алып кететін ол бұл жолы да «ақшаға бола туған анасын соққыға жықты» деп отыр.
Сергей Авилов, жәбір көргеннің немересі:
- Өз басым Александр деген ағам мен жеңгемнен күдіктенемін. Өйткені мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Әжеме менің көзімше де қол көтерген. Әрдайым зейнетақысын алып кетеді. Бірақ қарайласпайды. Үйде ішіп-жейтін азық-түлік те жоқ.
Ал зейнеткер өзіне кімнің жұдырық жұмсағанын жасырғысы келетіндей. Аздап ақыл-есін жоғалтқан әже «ештеңе есімде жоқ» дейді. Тіпті полицияға арыз жазудан да бас тартыпты. Қанша жерден қан-жоса болып жатса да, бауыр еті – баласын жамандыққа қимайтын сияқты.
Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облыстық ПД ресми өкілі:
- Жәбірленуші азаматша жалғыз тұрады екен. Бір мезетте құлап қалып, бойындағы жарақат соның салдарынан болған дейді. Жәбірленуші сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты. Алайда бұл жәйттар қазір анықталу үстінде. Сот алды тергеу амалдары жалғастырылуда.
Жол бойынан табылған әже Іле аудандық ауруханасында жатыр. «Жағдайы орташа ауырлықта», - дейді дәрігерлер. Миы шайқалып, бет сүйегі сынған кейуана 10 күндей ем қабылдайды. Ақ халаттылар да науқастың өздігінен құлап қалғанына күмән келтіріп отыр.
Айдар Солтанғазиев, Іле аудандық ауруханасы директорының орынбасары:
- Жағдайы орташа ауырлықта болғаннан кейін жарақаттану бөлімінде жатыр. Уақытша есін толық біле бермейді. Науқас жарақатты қалай алғанын білмейді. Құлап қалған кезде мұндай жарақат алу мүмкін емес. Бұл кезде соққы болғанның белгілері бар.
Әзірге бұл істе нақты күдікті жоқ. Десе де тәртіп сақшылары жақын күндері қарт кісіге қол жұмсаған бұзақыны анықтаймыз деп отыр. Айта кетейік, кейуана осыдан бір апта бұрын ғана зейнетақысын алған екен. Сол ақшасын кімнің алып кеткені де белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!