Covid-19: Статистика үдеп барады, екі өлім тіркелді
Министрдің халі қалай? Дәрігерлер коронавирусқа шалдыққан басшылары Елжан Біртановтың жағдайын айтты. Ал онымен байланыста болған тағы бір әріптесі, Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев те бүгін оқшаулануға кетті. Covid-19-ға қатысты статитика күн сайын үдемесе, басылмай тұр. Елдің екі облысында дерттен көз жұмған тағы екі дерек тіркелді.
Автор: Асқарбек Қазанғап, Жаңалық Ахаш, Бекен Әлирахым
16.06.2020
Елді вирустан сақтануға шақырып жүрген Елжан Біртановтың өзі бірнеше күннен бері дәрігерлердің бақылауында. Оған «коронавирустық инфекция», «қабыну» диагнозы қойылып, хәлі орташа деп бағаланды. Біртановпен байланысты болды деген Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев та бүгін оқшауланды. Жұмысын онлайн атқаруда. Уақытша денсаулық сақтау министрінің міндетін мойнына алған Ләззат Ақтаева бүгін соңғы ахуалға қатысты брифинг өткізді.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Бір тәулікте коронавирусқа шалдыққан 383 науқас тіркелді. Сонымен қатар ауруы еш белгісіз өтіп жатқан 600 адам тіркелді. Өткен аптамен салыстыратын болсақ, індет көрсеткіші 1,9 пайызға өсті. Санитарлық талаптарды сақтамау аурудың көбею әкеліп соғуда. Көбі бетперде тақпайды, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды.
Ауруын жасырған, артынша асқынған ақтөбелік зейнеткердің өмірі үшін ақ халаттылар арпалысқанмен құтқара алмады. 65 жастағы қария төрт күн бойына дене қызуы көтерілсе де жедел-жәрдем шақыруға асықпаған. Іс насырға шапқан соң, 103 нөміріне қоңырау шалған. Бір апта бойы жасанды тыныс алу аппаратында жатқанмен, беті бері қарамаған.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық ДСБ басшысы:
- Жасалған емдік іс-шараға қарамастан жағдайы күрт нашарлап, тыныс алу жетіспеушілігінің белгілерінің анықталуына байланысты көз жұмды. Негізгі диагнозы – коронавирус инфекциясы.
Қазір Ақтөбе облысында індет жұқтырған 16 адам жансақтау бөлімінде. Олардың алтауы аппаратқа қосылған. Соңғы тәулікте Ақтөбеде тіркелген 10 адам – Әскери әуе күштері институтының курсанттары.
Атырау облысындағы коронавирус көрсеткіші де көңіл көнштіпейді. Бір тәулікте аймақта үш адам індеттен көз жұмды. Бірінің тыныс алуы қиындаса, екіншісінің өкпесі қабынып ауруы асқынып кеткен. Бүгін олардың бірі қала сыртына жерленді. Қорым шетінен арнайы орын бөлініпті. Таңғы сағат 10-да келген марқұмның туыстары әкімдіктің жерлеу рәсімін түсіндірмегеніне ренжулі. Тіпті «имам да шақырмаған» дейді.
- Білмейміз, әкімдіктен де ешкім келмеді. Көріп тұрсыздар, бәрі шикі, коронавируспен ауырып көз жөмған адамдарды жерлейтін бөлек аумақ жоқ.
Сақтық шарасына сай, ақтық сапарға шығарып салуға көп адам келуге болмайды деп ескертілген. Бірақ оны көбі елемейтінін бұл жиналған адамдардан байқауға болады.
Ал ел бойынша 119 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы статистика бойынша Қазақстанда дерт 15 мыңнан астам адамға дендеген. Оның тоғыз жарым мыңы жазылса, 81 науқас, өкінішке қарай, бақилық болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!