Эпиджағдай: Коронавирусқа сенбей, ауруын асқындырып көз жұмды
Елімізде коронавирустан көз жұмғандар саны 100-ге жетті. Жұқпалы дерт тек егде кісілерді ғана емес, жастарды да ажал құштырып жатыр. Ал ауруға душар болғандар тіпті үдей түсуде. Мәселен өткен бір тәуліктің өзінде 335 адамнан COVID-19 анықталған. Дерттің өршуіне байланысты кей өңірлердегі ауруханаларда науқастарды жатқызатын орын жетпей жатыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдай:
Автор: Диас Нұрақын
18.06.2020
Коронавирус күн сайын күш алып барады. Еліміздің кей өңірлерінде науқастар ауруханаға сыймай жатыр екен. Мәселен, Атырау облысындағы инфекциялық стационар аузы-мұрнынан шыға толған. 200 ге тарта науқас коронавирустан емделіп жатыр. Олардың үшеуі хәл үстінде, тағы төрт адам ауыр жағдайда дейді дәрігерлер. Жетеуі де жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ал енді ауырып келгендерді жатқызатын жер жоқ. Сондықтан облыстық денсаулық сақтау басқармасы Атыраудан 60 шақырым жерден тағы бір жүз адамға арналған инфекциялық стационар ашуды жоспарлап отыр.
Жанар Досымбаева, Атырау облысы бас санитар дәрігерінің орынбасары:
- 180 орынға есептелген инфекциялық стационарға 200 науқас жатқызылған. Осы жағдайларды ескере келе, шұғыл түрде Махамбет ауданындағы бұрынғы туберкулезге қарсы диспансерін қосымша дайындап жатырмыз. Бұл жерде 100 орынға есптеледі. Осы жағдайлардың бәрін ескере келе, Атырау облысында шектеу шаралары күшейтілді.
Карантинді күшейтпеуге болмады. Өйткені Атырау облысында ауру жұқтырғандар саны 1400 адамға жетті. Олардың 62-і алғы шепте жүрген дәрігерлер. Ал бүгін екі адам көз жұмған.
Оралда да бір адам коронавирустан қайтыс болды. Ол індетке сенбей, ауруын асқындырып алған дейді дәрігерлер. Теңіз кенішінде істейтін азамат өздігінен тыныстай алмай, жағдайы күрт нашарлағанда ғана жедел жәрдем шақыртыпты.
Болатбек Қаюпов, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Марқұм індет жұқтырған адаммен байланыста болғаны үшін екі апта карантинге жатқызылған. Сол кезде ол: « вирус жоқ, дәрігерлер бізді алдап отыр» деп, ауруханада шу шығарған еді. Үйіне шыққаннан кейін де ауру белгілері бола тұра, коронавирусқа шалдыққанына сенбеген. Тынысы тарылып, әбден әлсірегенде ғана жедел жәрдем шақыртыпты.
Соңғы күндері коронавирустан көз жұмғандар қатары тым көбейіп кетті. Өлім дерегі, әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласында көп. Астанада бүгіннің өзінде 3 адам бақилық болды. Ал ел бойынша ауру жұқтырғандар саны 16 мыңға жақындап, 9900-ден астам адам індеттен құлан-таза айығып шыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!