{metadescription}
Қоғамдық орындар жабылып, демалыста жұрт үйінде отырады
Қоғамдық орындар жабылып, демалыста жұрт үйінде отырады

Қоғамдық орындар жабылып, демалыста жұрт үйінде отырады

Алдағы демалыс күндері бірқатар өңірде карантиннің шектеу шарасы күшейтіледі. Коронавирус індеті ушығып бара жатқан соң, Үкіметтік комиссия осындай қадамға барып отыр. Қоғамдық орындар жабылады. Жұрт қайтадан демалыста ел қыдырмай, үйінде отырады. Шектеу салдарынан Бурабай, Баянауыл, Қапшағай және Алматының тау бөктеріндегі демалыс орындары түгел жабылуы мүмкін. Үкіметтік комиссияның бүгінгі шешімі жайлы тілшіміз Ербол Тұрымбет айтып береді.

«Елде жалпыұлттық карантин енгізу керек» дегенді Мәжіліс депутаттарының айтқаны кеше ғана еді. «Алдын ала ескерттік» дегендей, енді Үкіметтік комиссия да қарап қалмай, бүкіл елде шектеу шараларын күшейтуді бастады. Алдағы демалыс күндері, 21, 22-маусымда Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалаларында қоғамдық орындардың басым көпшілігі жабылады. Бұл қалаларда алдағы демалыс күндері сауда ойын-сауық орталықтары, дүкендер желісі, жабық ғимаратта азық-түлік сататын және басқа да базарлар қызметін тоқтатады. Қоғамдық тамақтану орындары тек далада, әрі ара қашықтық сақталу керек. Қоғамдық көліктердің қызметі шектеледі. Саябақ, жағалау жабылады. Фитнес-орталықтар да жұмыс істемейді.

Жасы 65-тен асқан кісілердің сыртқа шығуы шектеледі. Ал халқы 50 мыңнан асатын өзге елді мекендерде тек саябақ пен жағалау сынды қоғамдық орындар ғана жабылады. Демалыста ел қыдыратын туристік орындар да саяхатшы қабылдауын уақытша тоқтатады.

Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері:

Саяхатшылардың орындары, Медеу, Көктөбе, Шымбұлақ және де Сайран, Есентай деген басқа да арналардың, өзеннің де жиегінде серуендеуге мүмкіндік болмайды.

Өңірлердің бас санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар мен Екібастұздың айналасындағы туристік аймақтарға ешкім кіргізілмейді. Бурабай, Баянауыл, Қапшағайға ешкім бара алмайды. Ал сол жерлерде жүргендер ара қашықтыққа қатты сақ болу керек.

Ірі қалаларда қоғамдық орындар жабылғанымен, бүкіл тіршілік тоқтайды деген сөз емес. Мәселен, үй астында орналасқан шағын дүкендер, көлік жуу орындары, сұлулық салондары, спа орталықтар жұмыс істей береді. Шектеулердің адам тез кіріп шығатын орындарға қатысы жоқ.

Ақмарал Олжабаева, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Жағдайдың бұлай құбылуына себеп көп. Мәселен, бір ғана Алматының өзінде қаладағы стационарлар 95 пайызға толып қалған. Елордада да дәл осындай жағдай. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі ауруханаларда орын жетіспеу дерегі жоқ дегенінен танбай отыр.

Бүгін бүкіл ел аумағына қатысты шешім қабылдаған Үкіметтік комиссия қысқа мерзім ішінде жұртты ПТР-тестілеумен қамту мәселесін шешуді, жедел жәрдем қызметін жетілдіруді өңір басшыларына тапсырды. Мемлекеттік немесе жекеменшік екеніне қарамастан, өңірлердегі барлық ресурстарды пайдаланып, науқастарды компьютерлік таммографиядан өткізу жүктелді.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде