Covid-19 қайта өршіген Қытай індетке қандай тосқауыл қойды?
Қытайда коронавирус қайта өршіді. Бейжіңде өткен аптадан бері 200-ге тарта адам Covid-19 індетін жұқтырған. Сондықтан Бейжіңде шектеу шарасы күшейтіліп жатыр.Еуропада да карантин жеңілдетілгеннен кейін аурудың жаңа ошақтары пайда болған. Әлемді әбігерге салған кесел осыған дейін 8 жарым миллионнан аса адамнан анықталған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
19.06.2020
Қытай астанасында коронавирус өткен аптадан бері өршіп жатыр. Бұл жолы кесел қаладағы көтерме сауда базарынан шыққан. Бүгін жергілікті мамандар ауру ошағының бақылауға алынғанын мәлімдеді.
Ву Цзунью, эпидемиолог:
- Бұл жолы біз өте жедел әрекет еттік. Эпидемияның өршуіне тосқауыл қоя білдік. Аурудың нақты шыққан жерін анықтап, бақылауға алдық.
Қытайдың бас қаласында өткен аптадан бері коронавирус диагнозымен 200-ге тарта науқас тіркелді. Содан болса керек, Бейжіңдегі шектеу шаралары күшейтіліп жатыр. Бүгіннен бастап Қытайдың өзге өңірлерімен арадағы жолаушылар қатынасы тоқтатылды. Дүкен, мектеп, спорт және ойын-сауық нысандары жабылған.
Үндістандағы эпидемиологиялық жағдай да мәз емес. Науқас саны бойынша төрттікке кіретін елде осыған дейін 380 мыңнан аса адамның сынамасынан Covid-19 анықталыпты. Оның 12 жарым мыңы көз жұмды. Соңғы тәуліктің өзінде мұнда 10 мыңнан аса коронавирус тасымалдаушысы тіркелді.
Ресейде бір тәуліктегі кесел жұқтырғандар саны 8 мыңға жуық. Соңғы тәулікте Ресейдің 83 аймағында коронавирус індетін жұқтырған 7972 науқас тіркелді. Оның 32,7 пайызында аурудың клиникалық белілері болған жоқ. 181 өлім жағдайы тіркелді. Бір тәулікте Ресейде 10443 адам кеселден жазылып шықты.
Мамандар індеттің ең ірі ошақтарының бірі – Бразилияда апта соңында науқас саны миллионға жетеді деп болжап отыр. Өйткені қауіпті кеселмен күресуге келгенде елдің медицинасы ақсап тұр. Айта кетейік, Еуропада да карантиннің жеңілдетілуіне байланысты аурудың жаңа ошақтары пайда болып жатыр. Осыған дейін әлем бойынша коронавирусқа 8 жарым миллионнан аса адам шалдыққан. Оның 454 мыңы ауруға төтеп бере алмай, көз жұмды. 4 миллион 177 мың адам қауіпті вирусты жеңіп шыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!