Алматыдағы ПТР-тест орталықтары неге жабық?
Алматыда коронавирусқа қатысты тест тапсыратын орталықтар уақытша жабық тұр. Өйткені бірінде ауруды анықтайтын құрылғылар таусылыпты. Ал енді тағы бірі қызметкерлеріне демалыс беріп, барлық жабдық пен құрал-сайманды залаласыздандыруға кіріскен. Осылайша COVID-19-ға сынама өткізуге келгендер кері қайтып жатса, ал екі-үш күннен бері нәтижесін ала алмағандар не істерін білмей әлек.
Автор: Салтанат Шырынхан
19.06.2020
Кеше ғана жұртшылық қауіпті вирусқа тест тапсыруға ұзын-сонар кезекте сағаттап тұрған болса, бүгін оның бірі де жоқ. Мекеме басында қызметкерлер мен келушілер сап тыйылып, тыныштық орнаған. Ал өз жағдайын білуге келгендер кері қайтуға мәжбүр.
- Бүгін коронавирусқа тест тапсырайын деп келсек, мына жер бүгін істемейді екен, жабық тұр. Не себептен екенін білмейміз. Ешкім айтпайды. Осы жерге келдік, бүгін тез береді, жауабы тез шығады дегені үшін.
Қалада тест нәтижесін уақытында біле алмай жатқандар саны артуда. Негізі кез келген адам қауіпті вирусқа тексерілген соң, жауабын 6-7 сағат ішінде біле алады. Яғни қорытындысы жеке поштасына келіп түседі. Алайда ақылы тесттің нәтижесіне екі-үш күн қол жеткізе алмай жүргендер жетерлік.
Нәдия Ұбашева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Туысым 17-і күні анализ тапсырды. Артынша үш сағаттан кейін нәтижесі дайын болады деген. Тіпті 6-7 сағатта анықталатын тест жауабына екі күннен бері қол жеткізе алмай жатырмыз. Бүгін жабық тұр. Енді кімнен және қайда барып сұрау керегін білмеймін.
Бір күнге барлық орталықтың жұмысын тоқтатуына өзіндік себеп бар көрінеді. Бірі қызметкерлеріне демалыс беріп, барлық жабдықтар мен техникаларды залалсыздандыруға кірісіпті. Ал, ашық аспан астындағы жаяу да, көлікпен де келетін орталықта арнайы аппараттар таусылған екен. Ал жауаптылар мемлекеттік зертханаларда әлі бірнеше уақытқа жететін тест жүйелерінің бар екенін айтады.
Ләззәт Ақтаева, Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы:
- Эпидемияның таралу қаупінің көбеюіне байланысты зертханалардың жұмыстары күшейіп, тест тапсырушар саны өсті. Барлық зертханалар жеткілікті деңгейде тест жүйесімен қамтылған. Қазір 501 мың сынама қалғаны. Оның ішінде мемлекеттік зертханларда 300 мың тест бар. Бұл 18 күнге артығымен жетеді. Қосымша тағы да күніне бұл санды 35 мыңға дейін көтеру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта 1 млн 200 мың тест жүйесі қосымша шығындарымен есептеліп, сатып алынады.
Мамандардың айтуынша, сәуір айының екінші жартысында елімізде күнінен 14 мың адам коронавирусқа қатысты тексерілсе, қазір күніне 28 мың болып кеткен. Оларға 56 зертханалық орталық жұмыс істеуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!