Алматы облысында төбеттер қырылып қалды
Алматы облысындағы иттерді күтіп-баптау орталығында төбеттер қырылып қалды. 20 өлексенің жайрап жатқанын көріп, шошып қалған жануарларға жәрдем жасаушылар бұл «қасақана әрекет» деп отыр. Өйткені төрт аяқтыларға арналған орталықтың сол аумақта жұмыс істеуіне қарсы адамдар көп екен. Қазір иттерге жасалған жауыздыққа қатысты полиция тергеу жүргізуде.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
23.06.2020
Орталықта осыған дейін 183 ит мекен еткен. Алайда кеше олардың саны бірден 20-ға азайды. Осынша төбет аяқасты қырылып қалыпты. Тағы 10 иттің көзі көрмей қалды. Қазір олардың жағдайы ветеринарлар бақылауында. Жануарларды «әдейі өлтірген» деп топшылаған қызметкерлер мұнда онсыз да адамдардан қорлық көрген иттер түсетінін айтады.
Галина Увалиева, орталық иесі:
- Орталықтағы 30 итті әлдебіреулер қасақана улап кетті. Біз төбеттерді қатігез адамдардан қорғадық деп ойлап келдік. Бірақ, мұнда да шабуылға тап болып жатыр.
Иттерге арналған орталық бес жылдан бері бар. Содан бері оның жұмыс істеуіне қарсылық білдіріп келе жатқан адамдар көп екен. Қызметкерлер өздеріне талай қоқан-лоққы көрсетілгенін айтады.
Татьяна Ақболатова, орталық жетекшісі:
- Иттерді улап, не болмаса «өртеп кетеміз» деп қорқытқандар көп болды. Бірақ біз мұндайға шынымен біреудің қолы барады деп ойлаған жоқпыз. Бұл орталықтың осы аумақта болғанына қарсы адамдардың әрекеті. Бізді бұл жерден қуғысы келеді.
Расында көрші-көлем төбеттерге арналған пана мазамызды алып бітті деп отыр. Орталықты көшіру туралы шенеуніктерге талай жүгінгенімен, еш нәтиже болмапты.
Анатолий Атуров, Заречный ауылының тұрғыны:
- Иттер тоқтаусыз үреді, оның үстіне қолқаны қабатын иісі бар. Мұндағылар жануарларды кейде екі күндеп тамақтандырмайды. Мұның бәріне шыдау мүмкін емес.
Иттердің жаппай қырылуына қатысты полицияға ресми арыз түспепті. Десе де, әлеуметтік желілерде тараған жазбалар негізінде қылмыстық іс қозғалған.
Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облыстық ПД ресми өкілі:
- Иттердің жаппай улану дерегі сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазір жедел тергеу жұмыстары жүргізілуде. Кінәлі тұлғалар қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жануарларға жанашыр жандардың да тілегі сол – жауыздыққа барған адамдарды әділ жазалау.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!