Алматыда мүгедектер аулада ашылған мәйітханадан азап шегіп жүр
Алматыдағы мүмкіндігі шектеулі жандар орталығының ауласында карантин кезінде мәйітхана ашылған. Күн сайын мүрде әкелініп, иіс шығып, мүгедектер далаға серуендеуден қалған. Одан бөлек, коронавирус жұқтырамыз ба деген жанайқайына атқамінерлер құлақ аспайтынына қапалы. Әкімдіктегілер жағдайдан хабардар. Мәйітхана дауына байланысты өз жауабын берді. Тақырыпты тараптар пікірін тыңдап қайтқан тілшіміз толықтырады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
23.06.2020
Наурызда ашылған мәйітханада күнде тыным жоқ. Мүрденің бірін әкеледі, екіншісін әкетеді. Ал онымен бір ғимаратта орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандар орталығындағылар қайтерін білмей отыр. Онсыз да ауыр сынақты еңсеріп, енді сынбау үшін осында сергуге, емделуге келгенде, мәйітті алуға жеткен жақындардың зарынан ұнжырғасы түседі.
Ербол Игембергенов, «ЕРЗИ» мүгедектер қауымдастығының президенті:
- Көріп тұрсыз, қазірдің өзінде келіп, бір адамды алып кетіп жатыр. Не деген сұмдық?! Мәйітхананы әкімдікке апарып, қаланың әкімінің жертөлесіне апарып, қойсын, көрсін, сол жерде болсын, иіскесін! Мәйітхана сол жерде болсын!
Қолқаны қабар иіс мәйітхана ашылғаннан пайда болған. Неге екені белгісіз, мұнда "мәйітхана" деген тақтайша атымен жоқ. Құдды астыртын істеп жатқандай.
Жанар Иназымбаева, «ЕРЗИ» Мүгедектер қауымдастығының мүшесі:
- Коронавирус та қиын ғой. Ағзамыз әлсіз, біз тез жұқтырамыз. Мәйітхананың кесірінен сыртқа шыға алмаймыз. Басқа жаққа апарса, біздің ең бірінші, жоғары жаққа қойып отырған талабымыз сол.
Өткенге деген өкінішін өксігін басқан, енді жаңа өмірге қадам басуға дайын жігері мықтылар осы орталықта бас қосқан. Түрлі дене жаттығуын жасап, қолөнермен айналысады. Ашылғанына екі жыл болып, енді еңсені тіктейміз дегенде, іргеде мәйітхананың ашылуы оларды есеңгіретті.
- Мына терезені ашайық десек, терезенің ар жағында иіс келіп жатыр. Далаға шыға алмайды.
Әкімдікке хабарластық. Бәрінен хабардар. Бірақ камераға сөйлеуден аяқ тартып, «алдағы уақытта проблеманы шешеміз» деп қысқа қайырды. Қалалық әкімдіктен қайыр болмаса, орталық мүшелері арашаны ел президентінен сұрамақ. «Мүгедек болғанымызбен, мүсіркеуге жол бермейміз» дегендер ақырына дейін күресуге бел буған. Арбаға таңылғанмен, құқығын таптатпайтындар әділдік орнайтынына сенгісі келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!