Алматыда таңсәріде болған апаттан қымбат көліктер бүлінді
Алматылықтар қайнаған суға күйіп қала жаздады. Қаладағы ірі магистральді жылу құбырларының бірі жарылып, көшені ыстық су басты. Абырой болғанда, апат таңсәріде – тұрғындар үйінен шыға қоймаған сәтте болған.
Автор: Аруна Ортай
24.06.2020
Карантин кезінде жабылып қалған мейрамхана жақында ашылған екен. Енді қайнаған судың кесірінен қайта жабылды. Жер астынан атқылаған ыстық су әйнектен жасалған үстелдердің тас-талқанын шығарған. Бес бірдей қымбат көліктің терезесін шаққан. Апат таңғы сағат бесте болғандықтан, көлік иелері келіп үлгермеген әрі көшеде де қыбыр еткен жан болмапты. Жылуға жауапты компания таңсәріде жөндеу жұмысын жүргізіп, соңы апатқа ұласқан. Мүлкі бүлінген азаматтар алаңдамаса болады. Апатсыз құбыр ауыстырмайтын Алматының жылу энергетикалық кәсіпорынның басшылары бар шығынды өтеп береміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!