{metadescription}
Бастама: Көлік жылдамдығын 30 км/сағ төмендету керек
Бастама: Көлік жылдамдығын 30 км/сағ төмендету керек

Бастама: Көлік жылдамдығын 30 км/сағ төмендету керек

Елорда мен Алматыда көлік қозғалысының жылдамдығын сағатына 30 шақырымға дейін төмендету керек. Республикалық қоғамдық ұйым осындай бастама көтеріп отыр. Ұйым өкілдерінің айтуынша, осының арқасында жол апатынан зардап шегетіндер саны азаяды да, дәрігерлердің коронавируспен күресуге уақыты молаяды. Оған АҚШ пен Еуропа қалаларын мысалға келтіріп отыр. Бірақ Ішкі істер министрлігі әзірге мұндай ұсынысқа мән бермеді. Себебі?

Былтыр бір Алматының өзінде жолда көлік апатынан зардап шеккен адам саны 5 жарым мыңға жуықтаса, биыл бес айда 1100-ден асыпты. Қарапайым есепке салсақ, күніне 15 адамды көлік қағады деген сөз. Қоғамдық ұйым өкілдері: «Қазір, бүкіл дәрігерлер қауымын коронавируспен күреске жұмылдырар шақта бұл кәдімгідей қолбайлау», - дейді. Сондықтан басты екі қаладағы көлік қозғалысының жылдамдығын сағатына 30 шақырымға дейін төмендетуді ұсынып отыр.

Диас Маратұлы, Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының PR-менеджері:

- Біздің қалаларда қазіргі кездегі жылдамдық туралы айтар болсақ, бізде бүкіл көшелерде 70 сағ/км. Себебі, бізде шектеу 60 болғанымен, онымен қоса, тағы да 10 шақырым сағатына, заңды түрде ол шектеуді бұзуға болады. Қазір  дәрігерлер, жедел жәрдем жетіспей жатқанда бұл өте шұғыл нәрсе болып отыр.

Бұл тыңнан туған ұсыныс емес. АҚШ астанасында маусымның 1-інен бастап сағатына 20 миль, яғни, 32 шақырым деген талап қойылды. Жаңа Зеландияның Окленд қаласында көшелерінің басым көпшілігінде маусымның 30-ынан бастап сағатына 30 шақырым талабы енгізілмек. Осындай шектеу Парижде де қарастырылып жатыр екен. Бірақ бұл ұсынысты естіген біздің жүргізушілерінің төбе шашы тік тұрды.

- Қалада қалай жүруге болады? Тіпті 60-тың өзі аз деп ойлаймын.

- Барар жеріңе жете алмайсың. Дұрыс емес деп ойлаймын.  

- 30 км тек тұрғындар алабында, аулаларда. Ал қалада 80 берген, сағатына 80 шақырым ұсынылған, мақұлдаған. Өтінеміз!

Мамандардың есебінше, көліктің жылдамдығы сағатына 30 шақырым болса, жол апатына ұшырайтын жаяулар мен велосипедшілердің қаза табу көрсеткіші 10 пайыз ғана екен. Бірақ біздің мамандар бастаманы қолдағанымен, 30 шақырым тым төмен санайды.

Руслан Лазута, «ОСА» қоғамдық бірлестігінің басшысы:

- Менің ойымша, сағатына 30 шақырым деген тым баяу жылдамдық. Әрине, мұндай ұсынысты біз де қолдаймыз. Бірақ ұсыныс та ақылға қонымды болуы керек. Оның үстіне, тек елорда мен Алматының ғана аумағында емес, мұндай шектеуді бүкіл ел көлемінде енгізу керек.

Қоғамдық ұйымның ұсынысы әзірге қоғамдық талқылауға жарияланып отыр. Ал Ішкі істер министрлігі бұл бастамаға қатысты ұстанымын білдірген жоқ. Себебі, біздің елде көлік қозғалысы шетелдегідей тым тығыз емес. Сондықтан бізде ондай шектеу енгізетіндей қажеттілік жоқ деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде