Арысты оқ-дәріден толық тазартуға бес жылдай уақыт қажет
Арысты оқ-дәріден толық тазартуға билікке әлі бес жылдай уақыт қажет. Бір жыл бойы әскери қызметшілер жарылыс болған аумақты ғана тазартқан. Жұмыс біткен соң, елдің қарулы күштерін ең қиын іс күтіп тұр.
24.06.2020
Асылбек Сатыбалдинов, Қарулы күштер тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы:
- Қазір жарылыс ошағы болған бірінші аумақта негізгі жұмыс жүріп жатыр. Қарулы күштер оны тазалағаннан кейін ең күрделі бөлік – бұзылған қоймаларға кіріседі. Мақсат – жұмысты тез аяқтап тастау емес. Ол туралы айтуға әлі ерте. Алдағы үш-бес жылда бітіріп қалармыз.
Былтыр Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Төрт адам қаза тапты. Жергілікті тұрғындар Шымкент пен көршілес аудандарға көшірілді. Қорғаныс министрлігінің дерегіне сай, бір жыл бойы қаладан 380 мың оқ фрагменттері шығарылған. Барлығының жарылыс қаупі басым. Олар Арысқа жақын маңдағы «Бастарма» полигонында жойылған. Десек те жарылыстың салдарын жою әлі аяқталған жоқ. Күн сайын екі мыңға жуық әскери қызметші жарылу қаупі бар оқ-дәрі фрагменттерін іздеу, залалсыздандыру, тасымалдау және жою жұмысын жүргізіп жүр. Арыс оқиғасы қайталанбасы үшін арнайы заң әзірленді. Енді елімізде әскери базалардың жанында құрылыс салуға қатаң тыйым бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!