Өмірге қауіп төнгенде жедел жәрдем қанша уақытта келуі тиіс?
Елімізде cоңғы бес айда жедел жәрдем шақыру 10 пайызға өскен. Жыл басынан бүгінге дейін жедел жәрдем бригадалары 3 миллионнан аса шақыртуға қызмет көрсетіпті. 103 нөміріне әсіресе Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары көп жүгінеді екен. «Сол себепті, көліктеріміз бұрынғы уақытынан біраз кешігіп жетуде» - дейді мамандар.
Автор: Әйгерім Шакаманова
24.06.2020
Бауыржан Жүсіпов, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- Айтарлықтай өсім 15-22 маусым аралығында болды, тәулігіне 22 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Өңірлер бойынша Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында шақырту көбейген. Осыған байланысты жедел көмек бригадасының шақырту орнына дейінгі орташа келу уақыты 12-13 минутқа артқаны байқалады.
Осылай деген мамандар жедел жәрдем қызметінің жету уақыты «жеделділік сағатына да байланысты» дейді. Яғни, науқастың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда жедел медициналық көмек бригадасының келу уақыты 10-15 минуттан аспауы тиіс. Ал пациенттің жағдайына айқын қауіп болмаса, жету уақыты 60 минутқа дейін созылуы мүмкін.
Елде бүгінде 2 мыңға жуық санитариялық автокөлік бар. Ал күн сайын жедел көмек шақыртуына 1400-ге жуық медициналық көмек бригадасы қызмет көрсетеді. Оның 23 пайызы – мамандандырылған дәрігерлік бригада, 77 пайызы – фельдшерлік бригада. Бұл саланың мамандарының айтуынша, биыл күзде тағы 807 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарлануда. Өйткені бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 103 қызметіне жүгінетіндердің саны бұрынғымен салыстырғанда төрт есеге көбейген.
Мұрат Оразбаев, Нұр-Сұлтан қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры:
- Күніне Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары 4 мыңнан астам қоңырау келіп түседі. Яғни, күніне шамамен шығу бригадасы 3 мыңға жуық қала тұрғынына медициналық көмек көрсетеді. Бұл үлкен жүктеме.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!