Елімізде "Абай" және "әл-Фараби" телеарналары ашылады
Қазақстанда жаңа «Абай» және «әл-Фараби» телеарналары ашылады. Оның біреуі ертең, ал екіншісі жаңа оқу жылының қарсаңында іске қосылмақ. Мұндай телеарналардың бұқараға керектігін ақпарат министрлігі пандемия кезінде түсініпті.
29.06.2020
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- «Абай ТВ» телеарнасы ертең, 30 маусым күні көрерменге жол тартпақ. Ол «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамына кіреді және елдің мәдени мұрасын насихаттайды. Ал екінші тележоба білім беру, ағарту бағытындағы «әл-Фараби» телеарнасы. «Хабар» телеарнасының базасында жаңа оқу жылының қарсаңында көрсетілмек. Пандемия кезінде мұндай телеарналардың жоқтығы білінді.
Елімізде бай мәдениетіміз, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ағарту ісін насихаттайтын телеарна болған-ды. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылса да, 2016 жылы ол басқа телеарнаға қосылып тынды. Алайда министрлік енді бұқаралық ақпарат құралдарын қолдаймыз деп отыр. Сондай-ақ, биыл отандық ақпарат құралдары салықтан және еңбекақы қорынан міндетті төлемдерден босатылмақ. Болжам бойынша, осы жылы масс-медиа жарнамалық табыстың 60 пайызын жоғалтуы мүмкін.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Бүгінде коронавирустың, пандемия салдарынан бұқаралық ақпарат құралдары экономикалық қиындықтарға тап болуда. Биыл саланың жарнамадан түсетін табысы орта есеппен 30%-дан 60%-ға дейін төмендейді деген болжам бар. Сонымен қоса, Парламент 2020 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығында коммерциялық теле-радио арналарды аналогтық және эфирлік цифрлық қызмет ақысынан босату туралы заң жобасын қабылдайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!