Қасым-Жомарт Тоқаев: Қатаң сөгіс жариялаймын...
Қазақстанда қатаң карантин тәртібі қайта орнауы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтік комиссия екі күн ішінде мемлекет басшысына ұсыныс жасауы керек. Оның мерзімі енді айтылады. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін билік осындай қадамға тағы барғалы отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.06.2020
Жағдай да соған әкеп тіреп тұрған сияқты. Тоқаевтың айтуынша, 11-мамырдан бері КВИ жұқтырушылар саны 7 есе көбейген. Ал coronavirus2020.kz сайтына 40 мыңға жуық сұрақ келіп түссе, соның үштен біріне ғана жауап беріліпті. Бұл кемшілікті сынаған президент телеарналардан тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, сұрақтарына жауап алатын күнделікті бағдарламалар ұйымдастыру керектігін айтты.
ПТР- тестін өткізетін орындар аумағын ұлғайтуды, сондай-ақ, шілденің ортасына дейін ауруханадағы орын санын тағы 50 пайызға арттыруды тапсырды. Ал әкімдер мен министрлерді қатал сынаған президент олардың қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойғанын, арыз-шағымдарға дер кезінде жауап бермейтінін жайып салды. Соның ақыры сөгіс жариялауға әкеп тіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Жұмыстағы кемшіліктері үшін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдері Алтай Көлгінов пен Бақытжан Сағынтаевқа ескерту жасаймын. Шымкент қаласының әкімі М. Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақовқа және ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е. Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды түзеу қажеттігін ескертемін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!