Елдегі жағдай: КВИ-нан соңғы тәулікте тағы 5 адам қайтыс болды
Коронавирус инфекциясынан соңғы тәулікте тағы 5 адам қайтыс болды. Марқұмдардың үшеуі Батыс Қазақстан облысынан, екеуі Қарағанды мен Шымкент қаласының тұрғыны. Жалпы бір күн ішінде Covid-19 ауруы 500-ге жуық адамнан табылған. Қазір Денсаулық сақтау министрлігіндегілер қауіпті вирус жұқтырғандарды ауруханаға жатқызу үшін оның орын санын көбейтіп ышқынып жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
30.06.2020
Жайықтың жағасындағы жағдай түзелмей тұр. Батыс Қазақстан облысында бір күнде 30-дан астам адам Covid-19 жұқтырып, үш науқас марқұм болған. Оралдық дәрігерлер 82 жастағы кейуана мен 57 және 38 жастағы азаматтарды аман алып қала алмады.
Қарағанды облысында 71 жастағы зейнеткер, Шымкентте 49 жастағы тұрғын коронавирустан қайтыс болды. Қазір тұрғындар бұрынғыдай емес, індеттің қауіпті екеніне көзі жете бастаған. Бірақ аурудың алдын алу үшін шектеу шараларының күшейтілуі екіталай.
Нұргелді Сәдуақасов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Қалалар жабылып, блокпосттар қойылып, қайтадан сол күйге түсе ме деп қорқамыз. Басында өзімізден де болды ғой, бұндай ауруға сенбей, бетперде тақпай, соның арқасында көбейіп, қазір бәрі жабылып жатыр.
Кеше ғана Тоқаевтан сөгіс алған Оңдасын Оразалин басқарып отырған аймақтағы жағдай да мәз емес. Қос өкпесі қабынғандардан бөлек, сovid-19 вирусы облыс орталғынан шалғай ауылдардың тұрғындарынан табылып жатыр. Бір күнде Ырғыздың бес тұрғыны індетке шалдықты. Соңғы тәулікте тіркелген 31 науқастың арасында 7 жасар бала да бар. Президенттің сөгісі өтті ме, ел арасында көрінбей кеткен Оңдасын Оразалин онлайн кездесуінде бұл жағдай әлі ұзаққа созылады деп отыр.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Мемлекет басшысының берген тәртіптік шарасын дұрыс деп есептеймін және де бұдан тиісті қортынды шығарып, жұмысты одан әрі күшейте түсетін боламыз. Бұл індет бүгін-ертең аяқталады деген сенімнен арылу қажет. Сырқаттағы адамдардың артуына байланысты бұл енді жағдай ұзаққа созылуы мүмкін.
Соңғы бір тәулікте елде 492 адамнан сovid-19 табылды. Осылайша коронавирус жұқтырғандар саны 22 мыңға жуықтады. Бұдан бөлек, ауру белгілері байқалмайтындары 17 642-ге жеткен. Бір күн ішінде Алматыда – 59, Нұр-Сұлтанда – 57, Шығыс Қазақстан облысында – 51, Қарағандыда 49 адам коронавирус жұқтырды. Науқастар көбейіген сайын Денсаулық сақтау министрлігіндегілер науқастарды жатқызатын орын санын көбейтуге атсалысуда.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазақстанда қазір 9 мың 800-дей науқас стационарда ем алуда. Бөлек 13 800 науқасты бақылауға алдық. Осыған дейін республикалық маңыздағы үш қалада модульді стационар мен аймақтарда 348 медициналық мекемеде 27 991 адамға арнап орын дайындадық. Бірақ науқастар саны күн санап көбеюде. Сондықтан барлық облыста науқастарға арналған орын санын көбейтуді жоспарлап жатырмыз.
Министрдің сөзінше, тамыз айының соңына дейін стационарларда 10 мың төсек-орын даярланады. Егер жетпесе, тағы көбейтпекші. Себебі, індет тез таралуда. Тіпті жас-кәріге қарамайды.
Ақмола облысында Covid-19 он шақты күн бұрын дүниеге келген сәбиден де табылды. Оның үйіндегі бес адам КВИ-на шалдыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!