{metadescription}
Бір тәулікте ковид-19 жұқтырғандар саны мың жарымнан асып кетті
Бір тәулікте ковид-19 жұқтырғандар саны мың жарымнан асып кетті

Бір тәулікте ковид-19 жұқтырғандар саны мың жарымнан асып кетті

Ауру айылын жияр емес. Бір тәулікте елде ковид-19 жұқтырғандардың саны мың жарымнан асып кетті. Бір ғана Атырау облысының өзінде 287 адам індетке шалдыққан. Денсаулық сақтау министрлігі жеке бастың жауапкершілі жоқтығының соңы осындай салдарға әкеліп соққанын айтады. Ал Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов тығылып той жасап, ас беріп жүрген көпшілікке тағы шүйлікті.

Атырау облысын соңғы екі күннен бері ауру шырмап шыр айналдырғандай. Бір тәулікте көрінбейтін кеселдің қақпанына 287 адам түсті. Жетпіс жетісінің жағдайы ауыр. Одан қалды 103 нөміріне дамыл жоқ. Күніне кемі мың жарым қоңырау келіп түседі екен. Маман жетіспей жатқан сындарлы сәтте дәрігерлер кірпік қақпай қызмет көрсетуге мәжбүр.

Ербол Иманғалиев, Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры:

- Қазір бізде қала бойынша 25 бригада қызмет етуде. Ковидке арнайы жұмылдырылған 5 бригада тек қана ковид жағдайы тіркелген жағдайда, өзімен және жұқтырған анализ қорытындылары қолында болған жағдайда арнайы ковид бригадалармен қызмет істейді.

Ақмола облысында да көрсеткіш көңіл көншітпейді. Көкшетау қаласы қазір басшысыз қалды  десе болады. Шаһар әкімі екі орынбасарымен бірге науқастанып қалды. Сондай-ақ, вирус жұқтырған қалалық тұрғын үй коммуналдық қызмет бөлімінің басшысын да тұрғындар таба алмай жүр. Ақмола облыстық әкімдігіндегілер де бұл індеттен құтылмады. Облыс әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, коммуналдық қызметке жауапты шенеунік те дәрменсіздіктен дәрі ішіп, ем-дом алуға мәжбүр.

Елде жағдайдың осылайша ушығуына премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов тұрғындардың өзін кінәлады. Тығылып той жасаған, ас берген, туған күн тойлағандар әлі тыйылар емес. Статистика бойынша әр мерекелік шарадан соң орташа жиырма адам коронавируспен ауруханаға түседі екен.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Жақынына жанашыр бол деп бүкіл телеарналарда жазып қойған ескерту – сіз бен бізге арналған үндеу. Бүгін мына жағдайдан шығудың ең қажеттісі, сөз жоқ, біздің бәріміздің жауапкершілігіміз. Ең алдымен жеке басымыздың жауапкершілігі, отбасымызыдың алдындағы жауапкершілік және қоғам алдындағы жауапкершілік.

Коронавируспен жағаласып көбейіп бара жатқан өкпе қабыну ауруына шалдыққандар былтырғымен салыстырғанда 55 пайызға артқан. Вирустың өршу статистикасында Атырау облысы, Алматы мен Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Жалпы ауырғандардың 41 пайызынан вирус профилактикалық тексеру кезінде анықталды. 38 пайызы ауырғандармен байланыста болған. Ал 19 пайызы өздері жедел-жәрдемге хабарласқан. Қазір 256 науқастың жағдайы ауыр.

Денсаулық сақтау министрі қосымша 800-ден астам жедел жәрдем көлігі бөлінетінін, вирусқа шалдыққандарды жатқызатын орын 50 пайызға артатынын айтты. Алайда оған дейін желдің қалай ауарын ешкім дөп басып айта алмайды. Қазір елде дерт дендегендердің саны 42 мыңнан асып жығылды. Оның 15 мыңға жуығы жазылса, өкінішке қарай, 188 науқас бақилық болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде